Жамбы атудан ұлттық құрама жасақталды. Енді олар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды.
Еліміздің ең үздік 10 жамбы атушысы дүбірлі додаға тікелей жолдама беретін үш орынды өзара сарапқа салды. Іріктеу ойындарында мергендеріміз «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стильдері бойынша бақ сынады.
Жалпы есепті қорытындылай келе, Айтбек Сарыбай 1-орын иеленсе, Абзал Тұлыбеков 2-орынға жайғасты. Үздік үштікті Ералхан Айкөз түйіндеді. Ал әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына тікелей жолдама алғанын айта кетейік.
Елдос Бадашев, жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері:
Енді бұдан ары қарай осы төрт спортшымен қарқынды жұмыс жасаймыз. Осы көшпенділер ойыны ұлттық спорттың бір Олимпиадасы сияқты ғой. Бұл жерге де көп спортшылар келіп, жеңіске жеткісі келеді.
Ералхан Айкөз, жамбы атудан ұлттық құраманың мүшесі:
Бүгінгі бір іріктеу жарысы өте тартысты өтті деп айта аламын. Еліміздің көк туын көкте желбіретсем деген ойдамын. Алтын күтіңіздер, барымызды саламыз.
Қаракөз Тұрмағанбет