Маңғыстауда дәрігерлер династиясы тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда дәрігерлер династиясы тұрады

12.08.2024

Маңғыстауда 20-дан астам медицина саласының маманы шоғырланған дәрігерлер династиясы тұрады. Әулеттің үлкені Әлімжан Сағымбаев биыл 81 жасқа келсе де, қызметтен қол үзген жоқ. Оның бауырлары мен балалары да еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша үлес қосып келеді. Дәрігерлер отбасымен жүздескен Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.

Әлімжан Сағымбаев – медицина саласының ұстазы, Ақтауда ашылған алғашқы медициналық колледждің негізін қалаушы. Бүгінде оқу орнын бітірген 8 мыңдай маман облыста және көрші өңірлерде еңбек етуде. Ардагер дәрігер ізбасар ұлы Әнуар Сағымбаевпен бірге колледждің алдағы оқу жылына дайындығын пысықтап шықты.

Тәжірибелі дәрігер Әлімжан Сағымбаев 60 жылдан бері медицина саласында еңбек етеді. Маңғыстаудың тумасы Ақтөбе медициналық университетін бітіріп, өңірге алғашқы сот-медициналық сарапшы болып жұмысқа келген. Хирург, аурухананың бас дәрігері, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметтерін атқарып, 7 жыл Ақтөбе медициналық университетінде жұмыс істеп, медицинаның барлық саласынан өткен. Онымен шектелмей, Мәскеуде, Бакуде білімін жетілдірді.

Әлімжан Сағымбаев, медицина саласының ардагері:

Күні бүгінгі күнгі дәрігерлердің білімін толықтыруы, жетілдіруі бізде кенже қалып отыр. Медицина ғылым ретінде күнделікті жұмыс істеуді талап етеді. Күнделікті оқуды талап етеді. Бір күн оқымай қалсаң, қарайып қаласың. Жалпы Қазақстанда медицинаны қолға алып, білімді жетілдірмесе, қиын болады.

Дәрігерлер әулетінде 20-дан астам дәрігер бар. Әлімжан Сағымбаевтың інілері де, ұлдары да – ақ халатты абзал жандар. Тіпті, немерелері де ата жолын қуған. Үлкен ұлы Асқар Сағымбаев реанимотолог-анистизиолог болып ұзақ жыл Астанада қызмет еткен. Соңғы екі жылда Ақтауға оралып, өңірдің медицина саласын дамытуға үлесін қосуда.

Асқар Сағымбаев, Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры:

Бала кезімнен дәрігер боламын деп армандап, мектеп бітіріп, медициналық институтқа түсіп, оны бітіріп, көп жыл облыстық ауруханада жұмыс істедім. Астанада, Алматыда ауруханада, медициналық институттарда, орталықтарда жұмыс істедім, ғылым қудық.

Ардагер дәрігердің інісі Ғұмар Сағымбаев та 35 жылдан бері денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Бүгінде апат медициналық орталығын басқарады. Мұнда білім алған мамандар төтенше жағдай, жол апаттары немесе өрт болған кезде бірінші болып көмекке келеді.

Ғұмар Сағымбаев, ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының басшысы:

9-10 сыныпта оқып жүргенде мен 2 жыл облыстық ауруханада санитар болып жұмыс істедім. Ағам Әлімжан Үсенов дәрігер болғаннан кейін соған ұқсағым келіп, дәрігер мамандығын таңдадым. Бір балам менің мамандығымды таңдап, дәрігер болғысы келеді. Қазір ол студент.

Дәрігерлер династиясында терапевттер, реаниматолог, гастроэнтеролог, гинекологтар тіпті, медбике де, фармацев те, стоматолог та бар. Отбасылық кездесулерде олар бір-бірінің жетістіктеріне қуанып, алдағы жоспарларын бөліседі. Әулеттің ақсақалы Әлімжан Сағымбаев алдағы уақытта Маңғыстауда алғашқы медициналық жоғары оқу орнын ашуды жоспарлайды.


Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу