Израильдің Қорғаныс армиясы Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнус қаласында тағы бір әскери операция бастады. ЦАХАЛ барлау мәліметтері бұл аймақта террористер мен террористік инфрақұрылым бар екенін көрсетті деп мәлімдеп отыр. Мұның алдында Хан-Юнустен Израиль аумағына ракета снарядтары жіберілген.
Израиль әскерилері Хамас қозғалысына тиесілі 30 нысанға, оның ішінде қару-жарақ қоймаларына оқ атқан. Ал Хан-Юнус тұрғындарына кеше қаладан кету туралы ескертілді. Әбден қажыған қарапайым халықтың айтуынша, секторда қауіпсіз жер қалмай, айналада бәрі қираған. Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін Қатар, Мысыр және АҚШ Израиль мен Хамас тобын атысты тоқтату туралы келіссөзді қайта бастауға шақырды. Қақтығысушы тараптарға тамыздың 15-де бейтарап аумақта кездесу ұсынылған.
Арай Төлегенқызы