Астанадағы бұршақтан екі адам зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы бұршақтан екі адам зардап шекті

09.08.2024

Астанада бармақ басындай бұршақ жауып, екі адам зардап шекті. Көліктер де бүлінген.

Кеше кешкі уақытта елордаға үйіріліп келген қара бұлттың арты бұршақ аралас жаңбырға ұласты. Табиғаттың тосын мінезі жұртты біраз әбігерге түсірді. Тұрғындар жаңбыр мен бұршақ жауған сәттің бейнежазбаларын желіде жарыса жариялап жатыр. Көлемі үлкен бұршақ көліктердің терезесін сындырып, тіпті төбесін майыстырып жіберген. Қала көшелері көлкіген суға толып, ұзын-сонар кептеліс пайда болды.

Медициналық көмекке жүгінген 52 жастағы әйел мен алты жасар баланың жағдайы қазір қалыпты. Ауруханаға түскендер жоқ.

Синоптиктер бүгін де еліміздің барлық өңірінде қолайсыз ауа райының сақталатынын айтып, ескерту жасады.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу