«Таза бейсенбі»: Тұрғындар тазалық акциясына белсенді қатысып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза бейсенбі»: Тұрғындар тазалық акциясына белсенді қатысып жатыр

08.08.2024

«Таза бейсенбі» акциясы бүгін де жалғасын тапты. Әр өңірде саяси ұйым мүшелері, қоғам белсенділері мен жастар саябақтар мен демалыс орындарында сенбілік өткізіп, игі іске жұмыла атсалысты.

Бейсенбінің таңында құрал-сайманын сайлап, 50-ге жуық адам Еңбекші ауданына жиылды. Тазалық акциясының кезекті нысаны фосфоршылар сарайының ауласы. Экожобаға жастармен бірге 90 жастағы Өркен ата да білек сыбана қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі өнеге көрсетті. Қария көппен бірге күрек ұстап, мәдени орынның айналасын қоқыстан тазартты.

Ал тараздықтар «Таза бейсенбіде» «Ана мен бала» аллеясында игі іске жұмылды. Жастар күннің ыстығына қарамастан айналаны мұнтаздай етті. Жалпы демалыс орындарында бұрынғыдай бей-берекет жатқан қоқыс аз. Яғни тұрғындар арасында тазалық мәдениеті қалыптасып келеді.

Түркістан облысында қарт Қаратаудың етегі Хантағы демалыс аумағы қоқыстан тазартылды. Тұмса табиғатымен ерекшеленетін тау бөктеріне тынығушылар көп келеді. Бірақ саялы мекенді ластап, қалдықтарын шашып кететіндер көп. Шара аясында «Amanat» партиясының мүшелері, табиғат жанашырлары демалушыларды тазалық сақтауға шақырды.

 Қалима Жантөреева, «Amanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:

Хантағы деген керемет жер ғой. Демалыс аймағында ішіп-жеп, демалғаннан кейін барлық қоқыстарды тастап кетеді. Соның бәрін елге көрсетіп, халықтың назарын аударып, бұлай жасамаңдар деген мақсатта, бәріміз бірлесіп, тазалыққа шақырайық деген оймен жасалып жатыр. Мен ойлаймын бұл жүйелі түрде жасалуы керек. Адамның санасында жанашырлықты қалыптастыру арқылы осыны әдетке айналдырған дұрыс.

Ал Қызылордада әкімдік қызметкерлері мен жергілікті мәслихат депутаттары сенбілікке шықты. Олар Жалаңтөс Баһадүр ескерткішінің аумағын қоқыстан арылтты.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу