Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Ақордада салтанатты түрде қарсы алды.
Мемлекет басшылары алдымен бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.
Салтанатты рәсімнен кейін лидерлер шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Сонымен бірге Ақордада Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысы өтті. Оның аясында тараптар алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітті. Яғни, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп салаларындағы байланысты одан әрі нығайтуды көздейді. Сонымен бірге өзара тауар айналымын бес миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті екі еселеу міндеті тұр. Бүгінде жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық қазақ-өзбек бірлескен жобасы бар. Оның аясында 14 мың адам жұмыспен қамтылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін алдағы 10 жылға арналған стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын дамытуға айрықша серпін береді деп сенеміз.
Шавкат Мирзёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл шын мәнінде екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ одостас әрі бауырлас халқымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін.