Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздейді

07.08.2024

Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп лифт жасайтын зауыт салады. Бүгін елорадада өткен бизнес форум қарсаңында тараптар осындай келісім жасады. Қос ел жалпы құны 2,6 млрд доллар болатын 60 жобаны бірлесе жүзеге асырмақ. Оның 55-і Қазақстанда, бесеуі Өзбекстанда қолға алынады. 
Өзбекстан елімізбен бірлесе газды есептеуіш құрылғы мен лифт жасайтын зауыт салады. Тараптар бүгін форум аясында меморандумға қол қойды. Енді келісімге сәйкес зауыт құрылысы 1,5 жылдың ішінде салынуы тиіс.
Сарвар Ахадов, «Технопарк» ЖШС бас директоры:
Өзбекстанның бұл салада тәжірибесі мол. Ал Қазақстанда инвестициялық климат ыңғайлы. Біз бұл салада жақсы байланыс орнатамыз деген сенімдеміз. Қазақстандық тұтынушыларды қамтып қана қоймай, шетелдік нарыққа да шығамыз деген ойдамын.
Қазақстандық кәсіпкер шай өнімін Өзбекстанға экспорттайды. Айына шамамаен 20-30 тонна жөнелітіледі. Бүгін кәсіп иесі Ерлан Қасенов көрші мемлекетпен келісім жасады. Оның фабрикасы елімізде 2004 жылдан бері жұмыс істейді.
Ерлан Қасенов, кәсіпкер:
Ресей, Моңғолия, Қырғызстанға тасымалдаймыз. Бүгінгі форумда Өзбекстан жақпен келісім жасап жатырмыз. Қазір меморандумға қол қоямыз.
Жиынға қос елдің 400-ден астам компания өкілі қатысты. Тараптар құны 43,5 млн доллар болатын 21 құжатқа қол қойды. Нәтижесінде бірлескен жобалар саны 60-қа жетті. Ауылшаруашылықтан бөлек, электротехника, машина құрастыру, транспорт, логистика, жаңа энергетика салаларына басымдық берілмек. Сарапшылар азық-түлік өнімдеріне сұраныс артады деп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Өзбекстан - 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-ші орында тұрған Қазақстанның ірі сауда серіктесінің бірі. Соңғы 5 жылда екіжақты тауар айналымы 29%-ға өсіп, 2022 жылы $5 млрд көлеміне жетті. Бізге саудадағы мәселелерді жүйелі шешу және сауда айналымының жаңа өсу нүктелерін табу қажет, осылайша мемлекеттеріміздің басшылары қойған мақсат – орта мерзімді кезеңде $10 млрд-қа қол жеткізуге талпынуымыз керек.
Дамир Белгібаев, ҚҚДИ сарапшысы:
Өзбекстанда 35 млн халық тұрады. Осынша халықты азық-түлік пен қамтамасыз ету, және оған экономикалық байланыс жасап беру ең басты міндет. Осы орайда экономикалық көптеген сұрақтар алдыға шығарылады. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық алыс-берісі тек азық-түлік бойынша 2 млрд теңге.
Екі ел тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздейді. Алыс-беріс өткен жылы 4,4 млрд долларды көрсетті. Оның 1,7 млрд-ы агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі. Негізгі экспортталатын өнімдер қатарында бидай, көмір, сым мен темір өнімдері ,тыңайтқыштар бар. Ал Өзбекстаннан Қазақстанға көкөніс, жеміс-жидек, керамика тақтайшалары, киім жеткізіледі. Елімізде Өзбекстанның 1400 кәсіпорыны, ал Өзбекстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 1100-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Кездесу нәтижесінде тараптар Қазақ-Өзбек бизнес қауымдастығын құруды ұсынды. Бұл тәжірибе алмасудан бөлек, екі елдің экономикалық байланысын жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.


Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу