Қазақстан жасыл энергияны дамыту мақсатында Әзербайжан және Өзбекстанмен бірігіп, жаһандық жобаны іске асыруды бастайды. Сондай-ақ Қырғыз Республикасымен Өзбекстан арасында ауқымды гидро электрстанциясының құрылысы бойынша талқылау жүргізеді. Бұл туралы Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері Энергетика министрлерінің бірінші отырысында айтылды. Жиынды ашқан Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Орталық Азия елдері үшін энергетика саласындағы тәуекелдерді болжау тетіктерін әзірлеуді ұсынды. Оның сөзінше, сын-қатерлердің қатарында мұнай-газ бағасының ауытқуы бар. Сол үшін жетекші сектордағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін де зерделеу керек,- деді. Бас энергетиктер барлық негізгі бағыттар бойынша одан әрі табысты ынтымақтастықтың негізін қалайтын құжаттарға қол қойды.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Біздің алдымызда тұрған басты мәселенің бірі – энергетикалық ресурстарды жеткізудің жаһандық бұзылуы. Энергиямен қамту қауіпсіздігін күшейту үшін осы сын-қатерлерді болжау және басқару тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажет. Дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы дамыту мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ірі өңірлік энергетикалық жобаларды жоспарлау мен жүзеге асыруға назар аударуымыз тиіс.