«Астана Опера» Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклін ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклін ұсынады

16.01.2017
«Астана Опера» Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклін ұсынады

Серпінді, мәнерлі, ең бастысы, операның барлық қағидасына сай әуенді келген Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклін «Астана Опера» ұсынады. Тұсаукесер 10 және 11 ақпанда өтеді. Отандық классикалық өнердің тарихында Симфониялық оркестрмен бірге операда алғаш рет қазақтың ұлттық аспаптары қолданылады.

Қоюшы режиссер – Беларусь Үлкен театры мен самаралық опералық театрдың бас режиссері Михаил Панджавидзе (Ресей), жаңа музыкалық редакцияның авторы, қоюшы дирижер – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Костюм және сценография суретшілері – Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов. Режиссердің ассистенті – Ерен Тойкенов, кеңесші – PHD докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Майемеров.

Қазақтың тұңғыш операсы – Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» 1934 жылы қойылған. Либреттосын аса көрнекті халық жазушысы Ғ. Мүсірепов, халықтың аттас лиро-эпостық поэмасын негізге ала отырып жазған. Туынды қазақ халқының поэзиялық мұрасының бар әсемдігін жиған.

Бұл Жағалбайлы мен Шекті руларынан шыққан қос ғашық – айбынды жауынгер Төлеген мен сұлу Жібектің арасында өрбіген жүрек тербетер махаббат жайлы оқиға.

Жаңа музыкалық редакцияда маэстро Абзал Мұхитдинов әңгіме түріндегі диалогты музыкалық речитативпен ауыстырып, Е. Брусиловский сияқты қазақтың белгілі әндері мен күйлерінің музыкасын пайдалана отырып тағы бірнеше эпизод қосты.

«Е.Брусиловскийдің музыкасы принциптік тұрғыда өзгерген жоқ. Мұнымен қатар, біз спектакльдің бұған дейінгі белгілі қойылымдарда қолданылмаған бірнеше музыкалық нөмірін қайта қостық», – деді қоюшы-дирижер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

 

astanaopera.kz

Хабарламаларға жазылу