Сарапшылар: Энергия тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы – АЭС салу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Энергия тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы – АЭС салу

05.08.2024

Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы жылдам артып келеді. Энергетика министрлігінің есебінше биыл біз 2,5 млрд кВт сағат энергияны сырттан импорттауға мәжбүр боламыз. 2030 жылға қарай тапшылық 13,5 млрд-қа дейін өсуі мүмкін. Сондықтан мамандар атом станциясын салу туралы шешімді жылдам қабылдау керек деп отыр.

Қазақстанда Атом электр станциясын салу мәселесін мемлекет басшысы өзі көтерді. Кейін жауапты органдар мен ғалымдар бастаманы зерттеуге кірісті. Қазір 4 елдің жобасы қарастырылып жатыр. Технологияны таңдағанда ең бірінші қауіпсіздік мәселесіне мән беріледі. Ғалымдардың пікірінше әлемде қолданыстағы 3-3+  буынындағы қазандықтарда жарылу қаупі мүлде жоқ.
Асуан Сиябеков, «КАЭС» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері:
Терең эшалонды қорғаныс жүйелерінің арқасында онның -7 деген көрсеткішке жетіп отыр қазіргі кездің технологиялары. Ол оның -7 дәрежесі дегеніміз егер де станция 10 млн жыл істейтін болса, ондай болуы мүмкін емес қой 10 млн жыл деген, 1 рет апаттық жағдай орын алуы мүмкін. Орын алады емес орын алуы мүмкін.
Ал соңғы буындағы атом станциялары 60 жыл жұмыс істейді деп есептелген. Яғни, осы уақыт аралығында қазандықтардың жарылу қаупі мүлде жоқ. Антропагендік қауіптерден де қорғалған. Ұшақ құлап, үстіне жарылғыш зат тасталса да сыртқы қабатына зиян келмейді. Енді энергетикалық тиімділігіне тоқталайық. Көлемі 1 текше сантиметр болатын ураннан 15 тонна көмірден алатындай қуат өндіруге болады.
Алмаз Әбілдаев, энергетикалық сарапшы:
Көмірді 75 пайдаланып отырмыз, оны 100 пайыз қылсақ жаба береміз. Проблема онда емес. 50 млн халық болса да көмір бізде 300 жылға жетеді. Әңгіме онда емес. Біз жаңа, таза энергия пайдалануымыз керек. Әңгіме сонда. Бізге немесе газға өту керек, немесе АЭС-ке өту керек. Сол екеуінен баланс ұстап, көмірді бір 75 тен 20 жылда 30 процентке түсірсек күшті жетістік деп ойлаймын.
Энергияны көмірден алуды жалғастыра беруге де болмай ма деген заңды сұрақ туындайды. Алайда Қазақстан әлемнің 197 елімен бірге Париж келісіміне қол қойған. Оған сәйкес біз 2060 жылға дейін ауаға көмірқышқыл газын шығаруды доғаруымыз керек. Мамандардың айтуынша кадр тапшылығы мәселесі де болмайды. Өйткені жобасы таңдалған ел Қазақстандық мамандарды толық оқытуға міндеттеледі.
Лим Хак-Кю, Kings институтының деканы:
Біз әлем бойынша білікті кадрлар дайындаймыз. Қазір атом станцияларында жетекші қызмет атқарып жатқан түлектеріміз өте көп. Кез келген ел құрылыс жасайтын компанияға кадр дайындау туралы талап қоятыны анық. Сондықтан бұл мәселе жолға қойылған. Өз жобасын ұсынған барлық компания осылай жасайтыны анық.
Қазір әлем бойынша 500-ге тарта атом станциясы бар. Ал Қазақстанға салу-салмау туралы соңғы шешімді халық қабылдайды. Президент жалпыхалықтық референдумды алдағы күзде өткізу туралы тапсырма берген.

Оңғар Алпысбайлы

Хабарламаларға жазылу