«Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар!» Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекеттік грант ала алмай қалған түлектерге мүмкіндіктер тізімін ұсынып, үміт үзбеуге шақырды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды дейді. Жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам адам грант ала алмады, оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар бойынша. Мәселен дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша 9 адам, ал, стоматологияға 1 орынға 35 адамнан келген.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Үш мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін. Олардың жолдамасы келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Одан бөлек әкімдер мен ректорлардың гранттары бар.Оған тағы KazEnergy қауымдастығы мен жұмыс берушілердің гранттарын қосыңыз. Қазақстан халқына қоры 850 грант бөледі. Яссауи атындағы университет білім алу үшін Түркия Республикасының 500 грантын ұсынып отыр. Ал Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант бөледі.
Жандос Темірғали