«Қазақстан темір жолы» компаниясына – 120 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан темір жолы» компаниясына – 120 жыл

02.08.2024

«Қазақстан темір жолы» компаниясының кірісі артып келеді. 2021 жылы 1,3 триллион теңге болса, былтыр 2 триллион теңгеге жеткен. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіш, - дейді компания өкілдері. Соның арқасында қызметкерлердің жалақысы едәуір артқан. Қазір мұнда 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Алдағы жексенбіде сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай бүгін атқарылған жұмыс қорытындыланып, жетістіктер жарияланды.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы соңғы үш жылда өндірістік және қаржылық қызметте ең жоғары тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Былтырдан бері депо паркі 255 локомотивпен толыққан. Алдағы 4 жылда тағы 500 локомотив сатып алынады, - дейді компания өкілдері.

Жәнібек Тайжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:

2023 жылы және биыл  «Жолаушылар тасымалы» паркі жаңа 150 жолаушы вагонымен толықты. Оны қазақстандық компания жасап шығарды. Сонымен қатар 2022 жылы стадлер технологиясы бойынша шығарылатын 537 жолаушы вагонын сатып алуға шарт жасалды. Бірінші вагон штадлер 2025 жылдың аяғында жеткізіледі. Жалпы бұл үдеріс 2030 жылға дейін жалғасады.

Темір жол төсемін жыл сайын жөндеу 2 есеге ұлғайды. Көлік министрлігінің ақпаратынша, биыл 1400 шақырым жолда құрылыс жүріп жатыр.

 Ербол Түсіпов, «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС бас директорының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары:

Президенттің елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі жүктеген міндеті ойдағыдай орындалып жатыр. Компания мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан жаңа мүмкіндіктердің арқасында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Олар: Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз, Жетіген-Қазыбек бек темір жол желілері. Достық-Мойынты екінші жолы бойынша қозғалыс осы жылдың соңына дейін ашылады.

Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқаны белгілі. Бұл тасымал географиясын кеңейтіп, жаңа маршруттар ашуға септігін тигізіп отыр. Соңғы жылдары логистикалық тізбек әжептәуір жақсарған. Бұл экономиканың артуына және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу