Қарағанды облысындағы Балқаш көлінің деңгейі биыл 15 см-ге көтерілген. Бірақ бұл көлдің тіршілік иелеріне, аймақтың экологиясына оң әсерін бергенімен, үлкен мәселенің шешімі емес. Себебі осыдан екі жыл бұрын көршілес Қытайдан келетін Іленің суы азайғаны туралы айтылған.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Балқаш көлі әлем бойынша көлемі жағынан 14-ші орында. Бірақ осыдан 3 жыл бұрын су деңгейі мына жерге дейін жеткен. Қазір 2 метр тартылғанын көруге болады.
Өңірдегі балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығын басқаратын Еркінбек Құматаевтың айтуынша 2021 жылдан бастап көл айтарлықтай тартылып, балық азайып кеткен. «Қазір ғылыми орталықта оларды қолдан көбейту жұмысы басталды. Бірақ Балқаштың балығын молайту үшін үлкен қойма салынуы керек,- дейді маман.
Еркінбек Құматаев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Балқаш бөлімшесінің басшысы:
2021 жылмен салыстырғанда 2 метрге дейін төмен түскен жерлер бар. Судың деңгейі түскен сайын балыққа зиянын тигізеді. Ең бірінші балықтың уылдырық шашуына. Мына қамысты, жақсы жайылымды, уылдырық шашатын аумақтарда су деңгейі түсіп, ол жаққа балық кіре алмайды.
Жалпы аумағы 18 мың гектарды алып жатқан көлде су көлемі 100 текше шақырым. Тереңдігі орташа есеппен 6 метрге жуық. Оған 5 өзен құяды десек, соның дені Іледен келеді. Аспан асты елінен бастау алатын бұл өзен суы соңғы жылдары азайған. Егер көл осы бетімен тартыла берсе келешекте су жолдарының бағыттары да өзгеруі мүмкін.
Роман Даукаев, «Қазақстан су жолдары» РМҚК Іле-Балқаш бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы:
Су деңгейінің түсуі кеме жолдарының қауіпсіздігіне әсер еткен жоқ. Барлық маршруттар сақталған. Көлдің тереңдігін үнемі тексеріп отырамыз.
Балқаш - өндірісті қала. Жыл сайын мониторинг жүргізіліп, көл суын пайдаланатын кәсіпорындардың жұмысы тексеріліп отырады.
Шолпан Өтебаева, Облыстық экология департаментінің мемлекеттік инспекторы:
Балқаш көліне өндірістік қалдықтар ағызылмайды. Біз мұны үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Тек су алатын кәсіпорындар бар. Бірақ инспекцияның рұқсатымен белгілі бір мөлшерде ғана пайдаланады. Оның өзінде пайдаланылған суды сүзгіден өткізіп, анағұрлым таза етіп көлге қайта құяды.
«Ғалымдар көлді сақтап қалудың тағы бір жолы - шағын шығанақтарды азайту», - дейді. Бірақ бұл да уақытша амал. Егер Іледен мол су келмесе көл тартыла бермек.
Жандос Бақытұлы