Бала тоққа түсті: Жұмысына салғырт қараған қызметкер жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала тоққа түсті: Жұмысына салғырт қараған қызметкер жауапқа тартылады

01.08.2024

Алматы облысында «Қазақтелекомның» электр сымы үзіліп, 1,5 жасар бала тоққа түсті. Қайғылы оқиға Кеген ауданына қарасты Шырғанақ ауылында болған. Аулада ойнап жүрген кішкентай бала жерге үзіліп түскен электр сымын ұстаған. Қатты соққан тоқтың кесірінен бүлдіршін сол жерде көз жұмған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекендегі электр сымдары әбден ескірген. Желі тарту кезінде қауіпсіздік талаптары ескерілген бе? Кішкентай бүлдіршіннің өліміне әкелген оқиға қалай болды? Айдана Қуантхан тарқатады.

 Айдана Қуантхан, тілші:

1,5 жастағы Әлинұрдың өмірін қиып, бір отбасын қан жұттырған қайғылы оқиға дәл осы жерде болған. «Қазақтелеком» компаниясының жұмысшысы жаңа желі тартып жатқан. Сым ескіріп тұрған электр тоғына тиіп, үзіліп жерге түскен. Оны аулада ойнап жүрген бүлдіршін көріп, тоқты екі қолымен ұстайды.

Айдана Қуантхан, тілші:

Оқиға таңғы сағат 9:30 шамасында болған. Жазатайым жағдай болған кезде үйде үлкендер болмапты. Ал тоқ соққан Әлинұрдың денесін өзінен үлкен ағасы Нұржан тауып алып, көршісіне айтқан. Көршісі жедел жеткенімен, бала сол жерде жантәсілім етіпті. Шошып қалған ауыл тұрғындары елдімекендегі электр сымдары әбден тозып, жаңартуды қажет ететінін айтып отыр. Осындай оқиға тағы қайталанбаса екен дейді.

Айдана Қуантхан, тілші:

Қазір Алматы облыстық полициясы «Абайсызда адам өліміне әкеліп соқтырған жұмысты орындау, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметті көрсету» фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады. Ал «Қазақтелеком» компаниясының өкілдері жұмысына салғырт қараған қызметкердің жауапқа тартылатынын хабарлады. Сондай-ақ қара жамылған шаңыраққа мекеме атынан пәтер берілді. 

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу