Астанада кекушинкай-каратэден Азия чемпионаты басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада кекушинкай-каратэден Азия чемпионаты басталды

01.08.2024

Астанада бүгін кекушинкай-каратэ тарихындағы алғашқы Азия чемпионаты басталды. Дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр.

Бұл - көкшетаулық Руслан Нұрғалиевтің тарихи жарыстың ашылу салтанатында шеберлігін паш еткен сәттен бір көрініс. Қазақ жеріндегі татамиде тамешивари дисциплинасы, яғни қатты заттарды қақ айыратын өнер түрінен де спортшылар бақ сынап жатыр.

Ернұр Құрманғалиев, кекушункай-каратэден Еуропа чемпионатының жүлдегері:

Ең бірінші жекпе-жегімде қарсыласым Кувейт мемлекетінен болды. Өте мықты, дайындығы осал емес. Бірақ жоғарғы деңгеймен жеңіске жеттім. Әрине елде өтіп жатқаннан кейін бүкіл елдің намысын жібермеуге бар күшімізді салып жатырмыз.

Жекпе-жек сарайында тарихи тартыспен қоса, балалар мен жасөспірімдер арасында IV Әлем чемпионатының мықтылары анықталады.

Сүлеймен Әлзида, кекушункай-каратэден Кувейт чемпионы:

Меніңше бұл чемпионатта басты қарсыласым Қазақстан мен Ресей спортшылары болады. Олар өте ширақ, дайындықтары мықты. Бірақ мен де жеңіске жетуге барымды саламын.

Кувейттен келген Сүлеймен 17 жаста. Ол – мұнда әлемнің 22 елінен шеберлігін сынауға келген 555 спортшының бірі. Қос сайыста қатысушылар бас-аяғы 68 медаль жиынтығын сарапқа салмақ.

Тәжімұрат Найзабеков, бүкілқазақстандық кекушункай-каратэ ұйымының президенті:

Бұл – үлкен жетістік. Неге десеңіз, бұл – әлемде бірінші рет өтіп жатқан Азия чемпионаты. Қатысушылардың ең жасы 12 жаста. Ең жасы үлкені біздің қазақстандық Үсенғали Молдағалиев, өзімнің шәкіртім осы Азия чемпионатына 57 жасында қатысып жатыр.

Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:

Бүгін-ертең кекушинкай-каратэден алғашқы Азия чемпионатының және балалар мен жасөспірімдер арасындағы 4-ші әлем чемпионатының жүлдегерлері мен жеңімпаздары анықталады. Айта кетейік, қос сайыста Қазақстан намысын 256 спортшы қорғап жатыр. Олардың 70-тен астамы - бұрымдылар.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу