Шілденің соңғы күндері өзбекстандықтар үшін оңайға соқпай тұр. Елде аптап ыстық қайта басталды. Салдарынан электр қуатын тұтыну көлемі бірден артып кеткен. Өткен тәуліктерде қуатқа деген сұраныс 16,5 миллион киловатт-сағатқа дейін ұлғайды. Бұл – жалпы тұтыну көлемінің шамамен 7 пайызы. Осыған байланысты энергетиктер тарапынан алаңдаушылық байқалады. Егер қандай да бір аумақта энергияны шамадан тыс пайдалану салдарынан төтенше жағдай орын ала қалса, трансформатор суығанша қысқа уақытқа жарық өшірілуі мүмкін екендігі ескертіліп жатыр.
Сонымен қатар елде пойыздардың қозғалысы шектелді. Бұл шара рельстер мен жылжымалы құрам бөліктерінің қызып кетуіне жол бермеу үшін қолға алынған. Узгидромет ыстық ауа райының әлі де сақталатыны жайлы хабарлады.
Базаркүл Отыншиева