Алматы облысында адасып кеткен балалар табылды. Талғар ауданындағы сауықтыру лагерінде демалған 8 бен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер адасып кеткен. Құтқарушылар олардың саны 25 адам болғанын айтып отыр. Барлығы дін аман. Біреуі ересек адам, қалғаны мектеп оқушылары. Іздеу жұмыстарына республикалық жедел-құтқару жасағы жұмылдырылды. Олар адасқандарды қауіпсіз жерге жеткізген.
Ералы Разақұлов, ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
Жаттықтырушы бастаған балалар тобы сауықтыру лагерінен 300 м қашықтықта адасқаны анықталды. Түскі уақытта экскурсияға барды. Бірақ қараңғы түскенде адасып кетті. Сағат түнгі 1:13-те жоғалған адамдар таудан түсірілді.
Сондай-ақ құтқарушылар Қатон-Қарағай ауданындағы Мұзтау тауының етегінде жарақат алған әйелді құтқарды. 51 жастағы турист аяғын жарақаттап, өз бетінше таудан түсе алмаған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Өскемен қаласына тікұшақпен жеткізілді.
Құтқарушылар таудағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Адасқанда немесе оқыс жағдайға тап болғанда, ең алдымен тәулік бойы жұмыс істейтін 112 нөміріне хабарласып, көмекке жүгіну қажет. Таулы аймаққа шықпас бұрын ауа райы жағдайы мен кедергілерді, ықтимал қауіптерді ескеру керек. Егер күн райы бұзылса, жоғары емес, төмен түскен жөн. Әр саяхатшы өзімен бірге жеткілікті мөлшерде су, қажетті дәрі қоры бар медициналық қобдиша және компас алғаны абзал.
Жазира Оразқызы