Көкпардан ұлттық құрама Көшпенділер ойындарына дайындықты күшейтті. Көкпаршылар қазір Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бас бапкер Ақылбай Манкеевтің айтуынша, спортшылар мінетін жылқылар таңдалып алынған. Іріктелген аттардың бәрі мықты, - дейді. Бұл дайындықтың екінші бөлігі. Бұған дейін көкпаршылар физикалық жаттығуын пысықтады. Алдын ала болжам бойынша, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпардан ұлттық құраманың басты қарсыласы Қырғызстан мен Өзбекстан командасы болады.
Ақылбай Манкеев, көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері:
Қазіргі таңда құраманың дайындығы жақсы. Ешқандай әзірге кемшілік көріп тұрған жоқпыз. Қырықтай ат жинап қойдық осы жерге. Солардың арасынан іріктеп, сақадай сай болып шығамыз деген үмітіміз бар.
Әділет Мамыт, көкпардан ұлттық құрама мүшесі:
Көшпенділер ойындарына дайындалып жатқанымызға 2 айдай уақыт болып қалды. Дайындығымыз жақсы. Еліміздің үмітін ақтаймыз деген үміттеміз. Біздің елде болғаннан кейін әйтеуір жауапкершілік те ауырлау болады ғой. Осы барынша қаттырақ дайындалудамыз.