Кез келген жарыста жеңіс пен жеңіліс қос өрімдей қатар жүреді. Көп жағдайда жеңістің себепкері, үлескері және досы көп, жеңіліс болса – жалқы. Бірақ, Париж Олимпиадасында дзюдодан өнер көрсеткен Абиба Әбужақынованың жеңілісін ел жеңіске балап, қайсар қызына қуатты қолдау білдіріп жатыр. Тіпті, ақындар жыр арнап, депутаттар арнайы сыйлық бермек. Бұдан бөлек, ел даңқты боксшымыз Геннадий Головкинге ризашылығын білдіріп жатыр.
Әбиба татамидегі тартыста аянып қалған жоқ. Жарақатына қарамастан жанын салды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жолы жүлде бұйырмады. Ол бұрымды болғасын емес, бойында рух пен намысы найзағайдай ойнағасын көзіне жас алды. Шынайы күйініш пен шынайы сезім экранан өтіп, елдің жүрегіне жетіп, елжіретті. Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов «Абиба, Абибажан, Абиба қыз, Жеңілген спортшының бәрі жалғыз. Қалдырмай бірақ сені мұндай сәтте,Қасыңнан қалың ел боп табылармыз, табылармыз», деп жырласа, депутат Айдарбек Қожаназаров Әбибаға арнайы сыйлық беретінін жазып, нағыз патриотты насихаттап, қолдайық деп басқа ел азаматтарын шақырды.
Жаңбырлы Парижден нөсердей әсер төгіліп жатыр. Жеңістің де көз жасын көрдік. Ер Елдос алғашқы алтынды алып, Әміренің дара дауысы әуелеген Париж аспанына көк туды көтеріп, әнұранымыз шырқалды.
Спортшыларымыз жеңсе де, жеңілсе де Геннадий Головкин олардың қасынан табылып, ағалық қамқорлығын, қолдауын білдіріп, құшақ жайып жатыр. Жылылық бар. Ұлттық олимпиада комитетінің президенті үшін үлгілі іс болса керек. Әлеуметтік желіде де қазақстандықтар осындай оң пікір білдіріп жатыр. Қалай дегенмен, споршы спортшының сырын біледі. Хош, қолдаушысы болмаса құлагер де озбайды емес пе?! Қорыта айтқанда, жеңіс те, жеңіліс те ортақ.
Азамат Бейбітұлы