Калифорниядағы орман өрті өршіп барады. Қазірдің өзінде жүзден аса нысан күлге айналды. Ал, тілсіз жау шарпыған жердің үлкендігі Лос Анжелес қаласының аумағынан асып түскен. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.
Бұл биыл Калифорния штатын шарпыған ең ірі тілсіз жау болып тұр. Бес күн бұрын басталған орман өрті сәт сайын қарқын алып барады. Бір күн ішінде аумағы екі есе ұлғайған.
Билли Си, Калифорния орман шаруашылығы және өрттен қорғау департаментінің командирі:
«Өрт аумағы 350 мың акрға жетті. Бұл бірнеше елді мекенге үлкен қауіп төндіріп тұр. Қазіргі таңда 2500 өрт сөндіруші тілсіз жауды ауыздықтауға тырысып жатыр. Тағы бірнеше жүз құтқарушы көмекке келеді».
Мыңдаған өрт сөндіруші, ондаған ұшақ пен тік ұшақ тартылғанымен өрт шарпыған аумақтың тек он пайызы ғана бақылауға алынған. Ал, тілсіз жау осыдан алты жыл бұрын орман өртінен 85 адамның өмірі қиылған парадайз елді мекеніне де жақындап қалды.
Крейг Кильб, ерікті өрт сөндіруші:
«2018 жылғы өрт кезінде үйімізден айырылдық. Бұл жерде 89 жылдан бастап өмір сүріп келеміз. Орманда өмір сүруді жақсы көретіндіктен, осында көшіп келген едік. Енді, тағы да өрт үйімізді жалмауы мүмкін. Бірақ мен оны тағы да қайта тұрғызып алам».
Өрт сағатына жиырма бір шаршы шақырымға жайылып жатыр. Қазірге дейін мың жарым шаршы шақырым аумақты шарпып үлгерген тілсіз жау солтүстік пен шығысқа қарай тоқтаусыз жылжып барады.
Жалғас Сәдібекұлы