Алпыс жыл бұрын ағылшын тіліне аударылған қазақ ертегілері енді көпшілікке видео форматта тарайтын болды. АҚШ архивтерінен қазаққа қатысты деректерді зерттеп жүрген Дүйсенәлі Әлімақын «Ұлы дала ертегілерінің» ағылшынша нұсқасын жергілікті америкалықтарға оқытты. Меншікті тілшіміз тарқатады.
«Stories of Steppes» немесе «Дала ертегілері». Америкалық жазушы Мэри Лоу ағылшын тіліне аударған қазақ ертегілері енді видео форматта тарамақ. Зерттеуші жинаққа енген он тоғыз ертегінің онын іріктеп алып, америкалық ғалымдар, лингвисттер мен оқушыларға оқытып бейне жазба әзірледі. Жобаға қатысушылар қазақ ертегілерінің тәрбиелік мәнін жоғары бағалап отыр.
Ноах, жобаға қатысушы:
Бұл ертегілер шынайылығымен әсерлі, қызықты. Ертегі болса да адамдардың болмысындағы әділетсіз әрекеттерді анық суреттейді. Жалғандықтың түбінде жарға жығатынын, біреуге ор қазғанның өзі соған түсетінін түсінікті жеткізе білген. Сондықтан бұл ертегілер қай уақытта да өз құндылығын жоймайды деп ойлаймын. Себебі ондағы жағдайлардың барлығы жер шарының арғы шетіндегі елде жазылғанымен, күллі адамзатқа ортақ дүние.
Жобаның мақсаты – қазақ ертегілерінің ағылшын тіліндегі нұсқасын ғылыми айналымға енгізу дейді зерттеуші. Яғни, ертегіні жаңа форматта тарату арқылы қазақ мәдениетін шетелдіктерге насихаттауға болады.
Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:
Сонымен бірге қазір біздің көптеген отандастарымыз, қазақ қандастарымыз шетелдерде тұрады, ағылшын тілді мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Солардың балаларына өз елінің мәдениетін білуіне, қазақ халқының жазба әдебиеті, төл мәдениетімен танысуына мүмкіндік туғызу.
Бейне жазбалар енді түрлі шетелдік платформаларға жүктеліп, әлеуметтік желілер арқылы батыс көрерменіне таратылмақ.
Жалғас Сәдібекұлы