Елорда бойынша декларацияны 236 мың адамның 70 мыңы ғана тапсырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда бойынша декларацияны 236 мың адамның 70 мыңы ғана тапсырған

26.07.2024

Елорда бойынша декларация тапсыруы тиіс 236 мың адамның небәрі 70 мыңы ғана мүлігі бар-жоғын растаған. Бұл ел көлеміндегі өте төмен көрсеткіш, - дейді мемелекеттік кірістер басқармасының өкілдері. Биыл декларация тапсырудың үшінші кезеңі. Талапқа сай құрылтайшылар, кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация толтыруы тиіс. Тапсырмаған жағдайда қандай шара қолданылады? 

Күлзира Аманова 17 жылдан бері ыдыс сатумен айналысады. Декларация тапсыру жөнінде хабарлама келген соң бірден салық мекемесіне барған.

Күлзира Аманова, кәсіпкер:

Мемлекет біліп отыру керек. Қандай кірісіміз шығысымыз бар. Қандай артымызда мүлік жайы бар. Ашық түрде формада өткіздім. Байқоңыр налог комитеті бар, қыздар түсіндірді.

Ал телефон сатумен айналысатын Ақару алысқа ұзаған жоқ. Смартфонындағы қосымшаның көмегімен мүлігі бар-жоғын растады.

Ақару Айтілеу, кәсіпкер:

Телефон арқылы тапсырдым. 250 формасын. Қиындық тудырмады. 5 минут уақытымды алды. Шетелде мүлік болды жоқ деп жауап бердім.

Алайда кәсіпкерлердің көбі бұл науқанға қатысуға асығар емес. Елорда бойынша 160 мың адам декларация толтырмаған. Мамандар кәсіпкерлерге мұның мән-маңызын түсіндіріп әлек. Десе де кейбірі ашуға булықты. Енді бірі жолын сұрап, толтыруға кірісті.

4 кезеңнен тұратын жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілді. Биыл үшінші маусымында талапқа сай заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар кәсіпкерлер мен олардың жұбайларын қосқанда бас-аяғы ел бойынша 2,4 млн адам тапсыруға міндетті. Алайда ірі мегаполис Астана қаласы бұл көштің соңында тұр.

Тоқтар Қойжанов, Астана қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

Қазақстан Республикасы бойынша Астана өте баяу тапсырып жатыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, айына 2-3-тен. Жаппай халық 15-қыркүйек тапсыратын болса, ақаулықтар туады. Сондықтан бүгінгі күнде ертерек тапсыруға шақырып жатырмыз. 15-ші қыркүйекке дейін тапсыру керек. Тапсырмаған жағдайда айыппұл 15 айлық есептік көрсеткіш.

 Раушан Сайлауқызы, тілші:

Декларация десе көп адамның үрке қарайтыны жасырын емес. Алайда бұл бар болғаны мүлкіңіздің бар-жоғын растайтын сауалнама тәрізді. Толтыруға аса көп уақыт кетпейді. Ол үшін салық мекемелеріне баруға болады немесе үйден шықпай мына қосымшалардың біріне кіріп, сұрақтарға жауап бересіз. Сауалдардың дені қолыңызда бар қаражаттың көлемі, шетелде сақтаған ақша, мүлік, көлік, компания мен құрылыстағы үлесіңіз, цифрлы активтер, инвестициялық қорлардағы құнды қағаздар мен алтынға қатысты.

Декларацияны биыл 15 қыркүйекке дейін тапсыру міндет. Әйтпегенде алдымен ескерту жасалады оны елемесе 55 380 теңге айыппұл төлейді. Ал кәсіпкер мүлкін жасырып, декларацияны қате толтырса айыппұлдың салмағы ауыр. Салық сомасының 200 пайызын төлеуге тура келеді.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу