Елордада қаңғыбас иттерге арналған 10-ға жуық панажай бар. Оның 4-еуінің ғана заңды құжаттары бар. Жергілікті әкімдіктің дерегінше мемлекет тарапынан қолдау ресми тіркелген панажайларға ғана көрсетіледі. Ол үшін биыл Астана қаласы бойынша қазынадан 90 млн теңге қаражат бөлінді. Ветеринарлық сервис мамандары көшеде иесіз жүрген иттерді аулап панажайларға өткізеді. Әкімдік тарапынан тегін стерилизация, кастрация жасалады. Қазір ең ірі деген панажайлардың бірінде 4500-ге жуық ит бар.
Анар Сәкенова, «Ветеринария және фитосанитария» бөлімінің бас маманы:
Елорда аумағында қаңғыбас жануарлардың ауруларын алдын алу, санын реттеу үшін мемлекет тарапынан стерилизациялау, вакцинациялау, бірдейлендіру жұмыстары тегін жүргізіледі. Мемлекеттен ол үшін бюджеттік бағдарламалар қарастырылған. Таңба жануарларды тіркеу ақпараттық жүйесіне тіркеледі. Тіркелген барлық жануарларды стерилизациялау, вакцинациялау, бірдейлендіру жұмыстарын жүргіземіз.
Елімізде кез келген ерікті, жан-жануарларға арналған панажай ашуға құқылы. Ол үшін «таңба» порталына тіркелу керек. Асырап отырған үй жануарлары туралы толық ақпарат көрсетуі шарт. Бұдан бөлек панажай тұрғындар ауласынан 100 метр қашықтықта орналасуы қажет.
Аида Ахметбек