Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді

26.07.2024

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Биыл да бұл бағытта өңірге 4 миллиард 600 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Байыпты бастама ауыл-аймақтағы тұрғындардың кәсіп ашуына мол мүмкіндік береді.

Облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазалы ауданына барып, ауыл кәсіпкерлерінің жобасымен танысты.

Қазалылық отбасы былтыр 9 миллион теңгеге жуық төмен пайызбен несие алып, жылыжай кәсібін бастаған. Үйінің ауласынан 160 шаршы метрге қияр өсіріп, биыл алғашқы жемісін жеді. Жалпы 800 келідей өнімді жергілікті сауда орындарына өткізіп, аз-кем пайда тапқан кәсіпкер енді жылыжай бизнесін кеңейтуді көздеп отыр.

Ерлан Лаев – Кәсіпкер:

Өте тиімді бағдарлама. Өзіміз отбасымызбен осындай жылыжай салдық. Бастамасын жедік. Мына Қазалыны Әйтеке би кентінің жартысын қамтамасыз етуге болады. Менің есебім бойынша 3 миллиондай көшет еккім келеді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз. Қолының ебі бар, бес аспап іскер жандар аулдан кондитерлік цех, ет-сүт бағытында өнім өндіру, автокөлік жөндеу секілді кәсіптерін ашып, бүгінде жобаның игілігін көріп отыр. Осындай бастамаларды көзбен көріп, кәсіпкерлермен кездескен Тамара Дүйсенова «ерінбеген адамға мемлекеттен жан-жақты қолдау барын әлі де насихаттау керек», - деді.

Тамара Дүйсенова - ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары:

Мүмкіндіктеріңз болатын болса қолдарыңызға кәсіп керек болатын болса, 2,5 пайызбен мемлекет басшысы ауыл тұрғындарына осы несиені жетсін деп жіберді. Бірақ, Сіздердің жасайтын кәсіптеріңіз осы ауылға керекті, ертең содан табыс алып қайтара алатындай жоба болу керек.

Үкімет басшысының орынбасары облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша алқалы жиын өткізді. Аймақтың осы бағытта даму динамикасына оң бағасын беріп, жергілікті атқарушы органға тиісті міндеттер жүктеді.


Хабарламаларға жазылу