Париж Олимпиадасы қарсаңында Францияның құқық қорғау органдары 1 млн-дай адамға зерттеу жасады. Майшаммен қаралғандар қатарында дүбірлі додаға қатысушылар да, көрермендер де бар. Ауқымды тексеріс нәтижесінде 4 мыңға жуық адам Олимпиа ойындарынан шеттетілді. Француз билігі кімдерден сезіктенеді? 50 жыл бұрынғы Мюнхен Олимпиадасындағы лаңкестік оқиға қайталанбас үшін бесінші республика қалай қамданып жатыр?
Бұл – 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында болған лаңкестік оқиғадан бір көрініс. «Қара қыркүйек» атты содырлар тобының сегіз мүшесі олимпиадалық қалашыққа баса көктеп кіріп, Израиль атлеттерін тұтқынға алады. Лаңкестер Израиль мен Германия түрмелеріндегі палестиндіктерді босатыңдар деген талап қояды. Тұтқындарды құтқару операциясы сәтсіз аяқталады. Мюнхенге өзі отыз-ақ адам болып барған Израиль құрамасының 5 атлеті, 4 жаттықтырушысы мен 2 төрешісі қаза табады. Ал лаңкестік оқиғаны ұйымдастырғандардың бірі әлі күнге дейін бостандықта.
Лоран Нуньес, Париж полициясының басшысы:
Лаңкестік қаупіне қарсы қамданған кезде әлем сахнасында болып жайтқан жайттарды есепке алдық, әрине. Елдегі жағдайларды да ескердік. Париж көшелеріндегі тәртіпті күніне 30 мың полицей мен жандарм бақылайды.
Ламбис Константинидис, Париждегі басты жедел әрекет ету орталығының бастығы:
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанына 5 жыл болды. Салтанатты ашылу рәсіміне 45 мың тәртіп сақшысы жұмылдырылады.
Сена өзенінің бойында өтетін ауқымды шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сондай-ақ жеке компаниялардың 20 мың арнайы маманы мен 15 мың әскери қызметкер тартылады. Оларға арнап Венсен орманында, яғни олимпиадалық нысандарға 30 минутта жетуге болатын жерде әскери лагерь жасақталған.
Салтанатты ашылу рәсімі мен сайыстар өтетін спорттық нысандар орналасқан аудандар оқшауланған. Бұл аймақтарға кез келген адам QR-кодпен ғана өте алады.
Эстель Бубо, Париж тұрғыны:
Коронавирус кезіндегідей мүлгіген тыныштық. Мен жұмыс істейтін орталықта көліктер жоқ көшеде.
Америко Алвес, Париж тұрғыны:
Алты шақырымдай жүгіріп өттім. Жалпы жолай байқағаным, трибуналар тұрған жерлер мүлде жабық. Кей жерлерде осылай QR-код сұрайды.
Қала көшелерінде көлік қозғалысы шектелген. Спортшылар мен қауіпсіздік қызметкерлеріне арнап арнайы жолақтар белгіленген.
Любна Атта, Париж қаласы полициясының қызметкері:
Олимпиада құрамалары, БАҚ пен қауіпсіздік қызметкерлері үшін 185 шақырым жол арнайы бөлінген. Мен сияқты полиция қызметкерлері мұнда күні-түні, еш демалыссыз көшедегі тәртіпті бақылап жүр.
Париж Олимпиадасындағы қауіпсіздік мәселесі smart-жүйелердің де бақылауында болады. Жасанды интеллектімен жасақталған бейнебақылау камералары күдік тудыратын адамдардан хабар береді. Нейрожүйлермен қоса даладағы спорт алаңқайларындағы жағдай дрондардың көмегімен бақыланып, антитеррорлық орталыққа жолданып отырады.
Жеральд Дарманен, Францияның Ішкі істер министрі:
Таяуда ғана Американың экс-президентіне шабуыл жасалғаны баршамызға мәлім. Сол қастандық әрекеттің өзі қазіргі заманда қауіпсіздік мәселесінің қандай маңызды екенін көрсетеді. Барлық жағдайға дайын болуымыз керек.
Сондықтан да бас-аяғы 3,5 сағатқа созылатын Олимпиаданың ашылу салтанаты кезінде Париждегі әуежайлардың жұмысы тоқтайды. Қаладан 150 шақырым радиустағы әуе кеңістігі де жабық болады.
Қаракөз Тұрмағанбет