Шардара су қоймасы 90 пайызға толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара су қоймасы 90 пайызға толды

24.07.2024

Биыл еліміздің оңтүстігіндегі қоймаларда су мол. «Соның арқасында судан тапшылық жоқ, жуық күндері екінші мәрте өнім жинауға кірісеміз», - дейді түркістандық шаруалар. Биыл Шардара қоймасынан Қызылқұм каналы арқылы 682 млн текше метр су жіберілді. Қазір қоймадағы су қоры 2,6 млрд текше метр. Бұл былтырғы көрсеткіштен 600 млн-ға артық. Шаруалардың сұранысына сай егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Өзбекстаннан «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізген еді. Соның арқасында суару кезеңі басталғалы көрші мемлекеттен елімізге 3,9 млрд текше метр су келді.

Төлепберген Артықов, диқан:

Биыл су мол болды. Халық разы. Жылда қиналатын едік, биыл жақсы. Қыстық суды да жақсы алдық, жазда да су уақытылы берілді. Бір мәрте жинап алып, екіншісін суарып жатырмыз.

Ермек Иса, «Қазсушар» филиалының шардара өндірістік бөлімше басшысының орынбасары:

Көктемде су жақсы келді. Одан кейін де келіп жатыр. Қазіргі таңда жоғарыдан орта есеппен секундына 125 текше метр су келуде. Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650 текше метр су жіберіп жатырмыз. 

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу