Құлсары қаласында салынып жатқан 80 үйдің құрылысы қыркүйекке дейін аяқталады. Тасқыннан кейін моноқалада 100 үй салынып жатыр. Мамандар мерзімінен кешікпейміз деп отыр, себебі құрылысқа қосымша мердігерлер тартылған.
Жаңа үйден үмітті тұрғындардың бірі - Шолпан Назарова. Бүгін құрылыс алаңына келіп, баспаналарды өз көзімен көрді. Тасқын кезінде үйін су басып, тұруға жарамсыз болып қалған еді. Бағалау комиссиясының шешімімен енді жуырда жаңа баспананың иесі атанбақ.
Шолпан Назарова, Құлсары қаласының тұрғыны:
Осы үй бұйырса деп тілеп тұрмын. Жаман емес жақсы, ұнап тұр өзіме. Бөлмелері кең, жарық. Енді күтеміз, тездетсе дейміз. Себебі жан-жаққа кетіп қалдық. Әзірге үй жалдап жүрміз.
Қала іргесіндегі Болашақ ықшам ауданында құрылыс екі ай бұрын басталды. Үйлерін су басқан тұрғындар үшін үш бөлмелі 100 баспана салынып жатыр. Әрқайсысы 100 шаршы метрден. Жұмыс қарқынды. Қаражат пен құрылыс материалдарынан кідіріс жоқ.
Нұрлан Қалимбаев, құрылысшы:
Көрші Маңғыстау облысындағы Бейнеуден тасылып жатыр тастың бәрі. Ағаш Атырау мен Ақтөбеден келуде. Цемент Маңғыстау алып жатырмыз. Қазіргі таңда материалдар түгел жеткілікті десек болады. Енді ішкі жұмыстарына тамыздың бірінен бастап кірісеміз.
Жаңа қоныс қаладағы үйлерден кем болмауы тиіс. Талапқа сай барлық жағдай жасалады. Қазір кірпіші өріліп, қабырғасы қаланған. Енді жұмысшылар төбесін жабуға кіріскен. Алғашында құрылысты 3 мердігер компания бастаса, кейін тағы 5 мекеме қосылды. 180-ге жуық құрылысшы нысан басында жұмыс істеп жатыр.
Қайрат Нұртаев, Облыс әкімінің орынбасары:
Бірінші басталған 80 үйдің құрылысы маусым айының басында басталды. Оны біз бірінші қыркүйекке дейін толықтай бітіруіміз керек. Қалған 20 үйді қыркүйектің аяғына дейін аяқтауымыз керек. Адамдардың санын көбейтеміз. Уақытында бітіреміз деген жоспарымыз бар.
Тұрғын үй құрылысына «Қазақстан халқына» қорынан және жергілікті бюджеттен 2 млрд 864 млн теңге қаражат бөлінді. Әзірге жаңа баспананы алуға 28 тұрғын өтініш білдірген.
Нұрсұлтан Нұрсейіт