Алматы облысында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысы басталды

24.07.2024

Алматы облысы Іле ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды заманауи және инновациялық тәсілмен өңдейтін зауыттың алғашқы кірпіші қаланды. Нысанға қарастырылған жалпы инвестиция көлемі – 32 млрд теңге. 100-ге жуық маманды жұмыспен қамту жоспарда бар. Зауыт «Қатты тұрмыстық қалдықтарды қалдықсыз өңдеу техно-экопаркін құру» жобасы аясында салынады. Осылайша келесі жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34%-ға дейін жеткізу көзделген. Мамандар зауыт құрылысы қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсер етпейді деп отыр. Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, былтыр 440 мың тонна коммуналдық қалдық жиналып, оның 92 мың тоннасы сұрыпталып, қайта өңделген.

Ерлан Дүйсебаев, «ADC Taza Alem» ЖШС атқарушы директоры:

Күнделікті өңдеу қуаттылығы 700 тоннаға жетеді. Тұрмыс қалдықтары, құрылыс, өндіріс қалдықтарын өңдеп, сұрыптап алып, қажетін шикізатқа жібереміз. Қалғанын өңдеп, плазмалы жағу арқылы электр қуатын шығарамыз. Электр шығару қуаттылығы – 18 мВт/сағ.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу