Камала Харрис сайлау алдында алғаш рет митинг өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Камала Харрис сайлау алдында алғаш рет митинг өткізді

24.07.2024

АҚШ вице-президенті Камала Харрис алғаш рет сайлауалды митингін өткізіп, Трампты қатаң сынады. Соңғы мәліметке қарағанда, Харристің рейтингі республикалық үміткерден аз да болса жоғары болып тұр. Демократтардың потенциалдық кандидаты президенттік пост үшін саяси науқанын қалай бастады?

Вице-президент Камала Харрис Висконсин штатына барып, алғашқы сайлауалды митингін өткізді. 3 мың адам жиналған жиын Дональд Трампқа шабуыл жасаудан басталды. Және де Харрис Америка Құрама Штаттарында қарашаның 5-де өтетін президенттік сайлауды бұрынғы прокурор мен сотталған қылмыскер арасындағы бәсеке ретінде сипаттады.

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

Мен вице-президенттікке, сенаторлыққа сайланғанға дейін Калифорния штатының бас прокуроры, сот залының прокуроры болдым. Бұл рөлдерде неше түрлі қылмыскерлерді көрдім: озбырларды, әйел қорлаушыларды, тұтынушыларды тақырға отырғызған алаяқтарды және бас пайдасы үшін заң бұзғандарды. Сондықтан Дональд Трамп тәрізділердің кім екенін мен жақсы білемін.

«Рейтер» агенттігі мен «Ипсос» компаниясы дүйсенбі-сейсенбі күндері жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, қазір америкалықтардың 44 пайызы Харристі қолдап отыр. Сол миллиондардардың қатарында Голливудтың әйгілі актері Джордж Клуни де бар. Ал Трампты жақтаушылар – 42 пайыз.

Чак Шумер, сенаттағы демократтар лидері:

Жақсы. Қайырлы күн, баршаңызға. Бүгін Демократиялық партия үшін де, ел үшін де ұлы күн. Жақында вице-президент Харрис біздің кандидатымыз атанады және қарашада президент болып сайланады. Толқып тұрмыз, бірақ ынта-жігеріміз, бірлігіміз күшті.

Трамп үнсіз қалған жоқ. Оған сенсек, «Камала Харристің қолы тиіп кеткен жердің бәрі қирайды» екен. Айта кетсек, Харрис президенттікке үміткерлікке қажетті қолдауға партияластарынан артығымен ие болды. Енді сол кандидатураны демократтардың съезінде ресми түрде бекіту ғана қалды. Ол конвенция тамыздың 19-22-сі аралығында Чикагода өтеді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу