Атырауда тағы екі жасөспірім Жайық өзеніне батып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда тағы екі жасөспірім Жайық өзеніне батып кеткен

23.07.2024

Атырауда тағы екі жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті. Оқиға түнде Бесікті ауылының тұсында болған. Ал демалыс күні суға түсуге барып ажал құшқан ағайынды балаларды бүгін жерледі. Жасөспірімдер өзеннің рұқсат етілмеген аумағында батып кеткен.

Ағайынды қоңыр қаздың қазасы, естіген елді есеңгіретті. Көпбалалы отбасының үлкендері. Бірі 14 жаста болса, екіншісі 13-те. Олар оқыған мектептің ұжымы да, оқуда озат, қатарының алды еді деп еске алды. Домбырада ойнап, спортқа да қатысатын өнерлі оқушылар мектептің мақтанышы болған.
Айгүл Ізмағамбетова, Жамбыл атындағы орта мектебінің директоры:
Олар көпбалалы отбасында тәрбиеленген оқушылар. 6 балалы отбасынан шыққан. Екеуі де мақтаныштары. Алға ұстар оқушылар деуге болады. Сабақты жақсы оқумен қатар мектептің тәрбиелік шараларына да араласып жүрген. Өнерлі оқушымыз еді. Мектепте, жалпы өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Жолдастарының ортасында да беделді. Пән мұғалімдері де оларды жақсы көретін.
Демалыс күні ағайынды суға түсуге барып, бірақ қайта шыға алмаған. Үлкенінің денесін сол күні кешкісін 4,5 метр тереңдіктен шығарса, ал кішісі кеше ғана табылды. Құтқарушылар ағалы-інілі рұқсат етілмеген жерде суға шомылған деп отыр.

Мамандардың дерегінше қайғылы жағдайдың дені рұқсат етілмеген су айдынында тіркеледі. Шомылу маусымы басталғалы 35 бала суға кеткен. Әсіресе Қызылорда, Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарында көп.
Талғат Жамбауов, ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма бастығы:
Бұл өңірлерде баланың суға кетуі ұлғайды. Қызылордада Сырдария өзені қала ортасымен өтеді. Қолжетімді шомылатын жер. Ал Қостанайда су тасқыны кезінде көлдер деңгейі көтеріліп, ағысы қатты болып жатыр.
Динара Жарқынбек, тілші:
Елордада суға түсуге тыйым салынған 21 су айдыны бар. Соның біріне келдік. Дәл қазір шомылып жатқан бала жоқ. Жағаға шығып кеткен. Өйткені құтқарушылар рейд жүргізіп, бақылауға келді. Таңнан кешке дейін осы маңда жүретін балалар қауіпсіздік ережелерін жатқа білеміз, -  дейді.
Қауіпсіздік ережелерін бала түгіл, ересектер де елей бермейді. Дегенмен біле жүрген жөн. Суға тек қана рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылу керек. Өйткені оның тереңдігі, тазалығы тексерілген. Одан бөлек суда ұзақ уақыт сүңгуге болмайды, өйткені тез шаршап, тоңғаныңызды сезбей қаласыз. Бұлшық еттеріңіз тартылып қалуы мүмкін. Егер ата-ана балалармен келсе, баланы көзден таса қылмау керек.

Апаттан қорғанудың ең сенімді жолы - суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау екенін есте сақтаған жөн.
 
Динара Жарқынбек 

Хабарламаларға жазылу