АҚШ тарихында екінші рет әйел адам президент болуға бақ сынап көретін секілді. Камала Харристі ресми қолдап жатқан партияластарының қатары көбейіп келеді. Байденнің орынбасы бір күннің ішінде сайлау науқаны үшін жүз миллион доллар жинап үлгерді. Одан бөлек, кандидатурасын ұсынауға қажетті дауысты да жинаған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, қажетті 1976 дауыс болса, Камала Харрис 2538 дауыс жинаған. Харристі ресми үміткер ретінде таңдау демократтар үшін үлкен тәуекел болмақ, бірақ сайлауға жүз күн қалғанда оған балама болатын кандидат та жоқ, дейді сарапшылар.
Джо Байден сайлау жарысынан шыққаннан кейін ізбасары АҚШ вице-президенті Камала Харрис алғаш рет көпшілік алдында мәлімдеме жасады. Америкалық спортшылармен кездескен кандидат өзінің сайлау алды науқаны туралы тіс жармады, тек қазіргі президентті мақтаумен болды.
Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:
Джо Байденнің соңғы үш жылдағы мұрасы қазіргі тарихта теңдесі жоқ. Бір мерзім ішінде – иә, қол шапалақтауға болады – бір мерзім ішінде ол екі мерзім билікте болған президенттердің көпшілігінің мұрасынан асып түсті.
Десе де, Харрис қарап отырған жоқ. Кешелі бері демократиялық партия жетекшілерімен, конгрестегі белді депутаттар және штаттардың басшыларымен хабарласып көбінің қолдауына ие болды. Бір күн ішінде сайлау науқаны үшін 100 миллион доллар жинап үлгерді. Алайда, ресми үмтікер атану үшін тамызда өтетін құрылтайда партия делегаттарының батасын алуы тиіс. Сайлауға небәрі 4 ай қалғанда бұл АҚШ сайлау тарихындағы ең кеш ұсынылған кандидат болмақ.
Джерри Конолли, сарапшы:
Сауалнамалар америкалықтардың Трампқа да Байденге де көңілі томайтындарын көрсетті. Трамп та жас емес. Сондықтан Камала мұны ұтымыды пайдалана алады. Ол – жаңа тұлға, жаңа буын. Трамп сотталған қылмыскер. Ал Харрис кәсіби прокурор. Бұл контраст демократтар үшін жақсы болады деп ойлаймын.
АҚШ-та соңғы жүз елу жыл ішінде елуге жуық әйел президент болуға ұмтылып көрген. Бірақ, тек Хиллари Клинтон ғана демократиялық партияның ресми үміткері ретінде сайлауда бағын сынап көрді. Алайда, Трамптан жеңілді. Камала Харристің де оған қарағанда ел ішінде танымалдығы төмен. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, қазіргі сайлаушылардың жетпіс пайызы әйел екенін ескерсек, әйел құқы үшін күресіп жүрген саясаткер ретінде және Ақ үйдегі алғашы қара нәсілді екінші лауазымды тұлға ретінде Камаланы қарашадағы сайлауда қолдаушылар қатары аз болмайды.
Жалғас Сәдібекұлы