Париждегі дүбірлі дода экологиялық тұрғыдан ең тиімді Олимпиада ойындары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париждегі дүбірлі дода экологиялық тұрғыдан ең тиімді Олимпиада ойындары

22.07.2024

Париждегі дүбірлі дода экологиялық тұрғыдан ең тиімді Олимпиада ойындары болмақ. Ұйымдастырушылар ең алдымен көміртек сияқты ауаға таралатын зиянды заттардың мөлшерін азайтуды мақсат еткен. Метро билетінің құнын екі есе көтеріп, адамдарды жаяу не велосипедпен жүруге ынталандырады. Осы күнге дейін лас күйі мұхитқа барып құятын Сена өзені қоқыстан тазартылды. 

Парижде атлеттерді картоннан құралған кереует, қармақ жібінен жасалған матрас және кондиционерсіз бөлмелер күтіп тұр.

Рикия Томита,матрас өндіруші компанияның бас директоры:

Бұл матрас үш түрлі блоктан тұрады. Біреуі жұмсақ, екіншісі қаттылау, үшіншісінің бір жағы қатты, екінші жағы өте қатты. Әркім өз ыңғайына қарай реттеп алады.

Лоран Мишо, Олимпиада және Паралимпиада қалашығының директоры:

Бөлмедегі ауаны баптау үшін кондиционерге қарағанда экологиялық тиімді технологияны қолдандық. Еденнің астында бөлмені салқындатқыш жүйе орнатылған. Соның көмегімен іштегі температура сырттағымен салыстырғанда 6-10 градусқа төмен болады.

Бұл - париждіктердің қала басшысының қоқыстан тазарған Сена өзеніне сүңгуімен қоса, етпетімен жүзіп бара жатқанына разы болған сәтінен көрініс. Париж мэрі 65 жастағы Анн Идальго осылайша өзен суының тіпті ауру тудыратын бактериялардан ада екеніне кепілдік береді.

Анн Идальго, Париж мэрі:

Сена өзенін Олимпиадаға арнап тазарттық. Алайда бұл судың Ла-Манш каналына одан әрі мұхитқа апарып құятыны мәлім. Сондықтан да бұл мұхит суының тазаруына қосқан үлесіміз деп білемін. Бұл келесі буын үшін жасалған сауабы мол қадам.

Осы жолғы Олимпиаданың дайындық жұмыстарымен қоса өткізілуі кезінде ауаға тарар көмірқышқыл газдың мөлшері 1 млн 600 мың тоннадан аспауы тиіс. Салыстырмалы түрде алып қарасақ Лондонда өткен дүбірлі дода кезінде 3,4 млн тонна, ал Риодағы Олимпиадада 3,6 млн тонна зиянды зат ауаға тараған болатын.

Көмірқышқыл газының ауаға тарамауын тежеген бірден-бір жайт – құрылыс жұмыстарының мейлінше аз болуы. Осы Олимпиада үшін бой көтерген жалғыз спорттық кешен – Су спорты түрлерінің орталығы. Оның өзі экологолиялық таза материалдардан салынып, күн энергиясынан қуат алады. Париждегі биоалуандылықты сақтау мақсатында Олимпиада қалашығындағы үйлердің төбесінде жәндіктер мен құстарға арнап вольерлер салынды. Спортшылар қалашығында 9 мың түп ағаш отырғызылды.

Жоффруа Булар, Париждің 17-округінің мэрі:

Париждің Олимпиада мен Паралимпиада ойындарын ұйымдастырудағы басты мақсаты – энергияны мейлінше үнемдеп, осындай ауқымды іс-шараны экологиялық тұрғыдан тиімді етуге болатынын дәлелдеу. Жер жаһанның тұрақты дами алатынын іс жүзінде көрсету.

Қала басшылығы ауаның ластануын азайту мақсатында Париж метросының 14-ші тармағын іске қосты. Орли әуежайынан түскен мейман спортшылар қалашығына 25 минутта жетеді. Алайда Олимпиада ойындары кезінде яғни шілденің 20-нан қыркүйектің 8-іне дейін метро билеті екі есе қымбаттап, 4 еуро болады. Бұл да қала тұрғындары мен қонақтарына велосипедпен немесе жаяу көбірек жүріп, экологияға және денсаулыққа анағұрлым пайда әкелу үшін қолға алынып отырған шара.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу