Премьер-министр: Құрылыс қарқынын ширату қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр: Құрылыс қарқынын ширату қажет

22.07.2024

Құрылыс нысандарында бақылауды күшейту қажет. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан үйлердің құрылыс қарқынымен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы жергілікті жерде қаншалықты орындалып жатқанын тексерді.

Өткен аптада Үкімет кеңесінде Батыс Қазақстан облысында құрылыс қарқыны төмен екені жайлы сын айтылды. Кестеден кешігу бар. Жағдайды бағамдауға келген Премьер-министр әуелі Теректі ауданы Подстепное ауылына барды. Мұнда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 105 үй салынып жатыр. Құрылыс 70%-ға аяқталған. Ауылда тасқын салдарынан 500-ге жуық үй бүлінді.

Жанболат Аманғалиев, мердігер:

Іргетасы 190 см. Қызыл кірпіш, ортасы жылытылған, жақсы керамзит. Жергілікті материалдар қолданылды. Сапасына кепіл береміз. Екі жыл гарантиямыз бар.

Ал қалада тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындарына 374 баспана бой көтермек. Соның 191-і Жұлдыз шағынауданында салынып жатыр. Тұрғындар өздері де іс басына барып, құрылыс барысын қадағалап жүр.

Қарлығаш Меденова, көпбалалы ана:

Саяжайдағы үйімізді су басты. Соның зардабынан эвакуациялық пунктке орналастық. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Мемлекеттің қолдауымен үй беріліп жатыр. Енді үйдің кілтін 1 қыркүйекке дейін қолымызға алсақ екен дейміз.

Өңірде барлығы 10 мыңнан астам тұрғын үй мен саяжай үйлеріне залал келді. Солардың 3 мыңы комиссия қорытындысымен тұруға жарамсыз деп танылды. Қазір Бөрлі, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары мен шаһарда барлығы 775 үйдің құрылысы қарқын алды. Ұзын саны 59 мердігер жұмыс істеп жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Кейбір компаниялардың жұмыс қарқыны төмен. 40% ғана бар. Жылдамдату керек.

Тілепберген Каюпов, облыс әкімінің орынбасары:

Бірінші жұмыстар 10 маусымда басталса, кейбірінікі кейін басталды. Барлығына саяжай тұрғындары орналасады. 700 адам жұмыс істеп жатыр.

Деркөл кентінде 103 баспана жаңа учаскелерде салынып жатыр. Кірпіші өріліп, төбесі жабылып, кейбірінде іші әрленіп те қойылған. Жаңа үйлер қыркүйек айында тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов мердігерлерге жергілікті кәсіпорындардың құрылыс материалдарын мейлінше көбірек пайдалануға кеңес берді. Үкімет басшысының сапары түстен кейін Қаратөбе ауданына жалғасты. Су басқан Қоржын ауылында 90 үй салынып жатыр. Премьер-министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың әлі де эвакуациялық қоныста тұрып жатқандығын ескеріп, жұмыстың уақытылы орындалуы қажеттігін атап өтті.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу