Қазақ тарихына қатысты ғылыми зерттеулер табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ тарихына қатысты ғылыми зерттеулер табылды

20.07.2024

АҚШ мұрағаттарынан қазақ тарихына қатысты америкалық ғалымдардың зерттеулері табылды. 60-70 жыл бұрын жарық көрген деректерде қазақ халқының сол кезеңдегі өмірінен нақты мағлұматтар беріледі.

АҚШ-тағы мұрағаттарды ақтарып қазаққа қатысты деректерді саралап жүрген отандасымыз Дүйсенәлі Әлімақын бұл жолы бірнеше диссертацияны тапқан. Тарихи құжаттарда сол кездегі халықтың саяси, экономикалық және мәдени өмірінен нақты фактілер келтірілген. Америкалықтардың шекарасы шектеспейтін, ортақ тарихы жоқ қазақ елі туралы бұрмалап жазуы мүмкін емес. Сонысымен де біз үшін бұл кітаптар құнды дейді зерттеуші.

Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:

Шыны керек біздің тарихымыз, мәдениетіміз туралы зерттеулердің көбі орысша деректерге негізделген. Қазір кез келген қазақ ғалымымен сөйлессең, «орысша айтқанда», «орыс ғалымының мына жазбасында айтқанда» деген сияқты деректер келтіреді. Ал бізді батыс ғалымдары да, америкалық ғалымдар да осыдан 150 жыл бұрын, тіпті одан да ары уақытта зерттеген екен. Кейбірі арнаулы миссиямен барып өз көзімен көріп, зерттегендер бар.

Мәселен американның атақты антрополог ғалымы Лоуренс Крейдер Орта Азия халықтары деген зерттеуінде қазақтың әлеуметтік құрамы қалай болды, Ресейге қосылған тұста қалай өзгерді деген сауалдарға жауап іздеп, біраз деректер келтіреді. Кәмпеске жылдарындағы халқымыздың таңдыр талайы да боямасыз суреттелген. Бір ғана мысал, 1929 жылы мал саны қырық миллион болса арада үш жыл өтпей бес миллионға азайғаны жазылады.

Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:

Біз аштықты 1932-33 жылдары болды деп білеміз, бірақ арғы жағындағы 1733 жылғы аштық көп айтылмайды. Мысалы 1732 жылы қазақ даласында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болды, бірақ келесі жылы аштық болған болып тұр. Осы диссертациялардың бәрі Америкадағы ең үлкен университеттерде қорғалған. Мысалы Джорджтаун, Йель, Харвард, Индиана университтерінде қорғалған.

Ғылыми еңбектердің бірі – «Қазақтар» деп аталады. 1952 жылы Вашингтондағы Джорджтаун университетінде қорғалған. Онда еліміздің ұлт болып қалыптасу кезеңдері, Ислам дінін қабылдауы, түркі халықтарының тілдік туыстығы секілді маңызды деректер қамтылған. Зерттеушінің пікірінше, АҚШ ғалымдарының осы жазбаларын мұқият саралап шықса, Қазақстан тарихына қатысты ақтаңдақтарды толтырудың тағы бір мүмкіндігі тумақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу