Алматыда түлектердің ата-анасы алаяққа алданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда түлектердің ата-анасы алаяққа алданған

19.07.2024

Алматыда балаларын шетелдің үздік оқу орындарына түсіреміз деп алаяқтарға алданған ата-аналар Ұлттық арнадан көмек сұрады. Сан соққан жүздеген адам «Zeyn QOI» оқу орталығына миллиондаған қаржысын құйған. Ал компания тегін оқуға түсіреміз деп сендірген. Енді ата-аналар ақшасын қайтара ала ма? Алаяққа алданған түлектердің жағдайы қалай? Толығырақ келесі бейнематериалда.

Дастан «Zeyn QOI» компаниясын әлеуметтік желі арқылы тапқан. Шетелдік білім ордаларына қажетті сынақтарды тапсырып, IТ маманы болуды армандаған. Қазір желге ұшқан ақшасын қайтара алмай жүр.

Дастан Төкен, оқушы:

Американың күшті университеттерін көрсеткен, он бес айдың ішінде сол университетке түсіреміз деп маған сөз берген.

Миллиондап қаражат құйған ата-ана балаларын дәл осы жерде оқытуы керек еді. Алайда «Zeyn QOI» компаниясы екі ай оқытып, әрі қарай сабақты жалғастырмай қойған. Орталық ата-аналарға жалған құжат пен әлемнің үздік жоғары оқу орындарының мінсіз жобасын көрсетіп, қаражатты аудартып алған. Тіпті жалпы білім беретін мектептерге барып, оқуға түсуге үгіттеген.

Ләззат Танбекова, түлектің анасы:

Қызым «Zeyn QOI» оқу орталығы мектепке келіп жарнама жасағанын айтты. Шетелге тегін оқуға түсіреміз, бірақ алдын- ала тілдік курстарға қатысу керек деген соң, орталықтың өзіне келіп, ақша төледім. Мектепке келіп айтқан соң сеніп қалдық.

Алайда Алматы қалалық білім басқармасы мәселеге қатысты жауап беруден бас тартты. Ал оқу орталығының желідегі парақшалары сол қалпы жұмыс істеп тұр. Тіпті, басы дауға қалса да, беріге дейін өзге талапкерлерді қабылдауды тоқтатпапты.

Әсем Әбдиева, түлектің анасы:

Наурыз айында сабақ тоқтатылса да, сәуірде парақша қарқынды жұмыс істеп, мына жерден қаншама адам алданып жатты. Бұлар балалардың тағдырымен ойнап отыр. Себебі, ҰБТ тапсырмай, не шетелге түсе алмай қалған балалар, қазір күйзеліске ұшырап отыр.

Алданғандар тек алматылықтар емес, еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ден аса ата-ана бар. Олардың әрқайсысы 2 миллион теңгеден төлеген. Заңгер Марғұлан Шыныбаев алаяқтардың құрбаны болмас үшін оқу орталықтарын жіті тексеріп алу қажет дейді.

Марғұлан Шыныбаев, заңгер:

Ең бірінші куәлік, компанияның тіркелгені туралы куәлігі, екіншісі оқып жатса, оқу орынының арнайы лицензиясы болуы керек. Егер бұның бәрі жақсы болып тұрса ол компанияғы сенуге болады. 

Қазір компанияның кеңсесі құлыптаулы, басшысы тергеліп жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Қылмыстық кодексінің 190 –шы бабы, 4-ші тармағы бойынша, яғни аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде.  Қазіргі таңда сезікті Т есімді азамат ұсталып, қылмыстық іс жүргізудің 132 бабтарының талаптарына сай уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. 

Алданғандар бірлесіп арыз жазды. Ақшасын қайтарып беруді талап етеді. Алайда, іс ұзаққа созылуы мүмкін, дейді полиция қызметкерлері.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу