Елімізде жыл сайын электромобильдерге сұраныс артып жатыр. Экологиялық таза көліктерге тегін тұрақ беріп, қуаттау станцияларын көбейту жоспарланған. Мемлекет басшысы электромобильдер инфрақұрылымын дамытуды көздейтін заңға қол қойды.
Жазира Оразқызы, тілші:
Қоршаған ортаға зиян келтірмейтін соңғы үлгідегі заманауи көлік. Мұның бір артықшылығы – қозғалыс кезінде ешқандай дыбыс шығармайды. Экологиялық мәселесі бар Алматы үшін тиімді көлік әрі кептеліс кезінде ешқандай энергия жоғалтпайды екен.
Жеке кәсіпкер Әйгерім Жүнісбай жолдасымен бірге 2-3 жылдан бері электромобиль алуды жоспарлапты. Ол үшін үш баласы бар отбасы жеңілдетілген несиеге жүгінген. Бүгін сәті түсіп, су жаңа көліктің иесі атанды.
Әйгерім Жүнісбай, қала тұрғыны:
Жылдамдығы да жақсы, комфорт жағынан да жақсы.
Алматыдағы электрлі көлік сататын автосалон жыл сайын сатып алушылар қатары артып жатқанын айтады. Алғашқы диллерлік орталықта көліктің бірнеше түрі бар. Бағасы 17 млн теңгеден басталады.
Жәнібек Сәкен, Автосалонның сату жөніндегі менеджері:
Әр ай сайын динамикамыз өсіп жатыр. Бұрынғы аймен салыстырғанда қазір адам көп келіп жатыр. Бізде гарантия болады машиналарға 100 000 км немесе 5 жыл. Ол машинаға сосын батареяға 8 жыл немесе 200 000 км.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Оның 7 мыңға жуығы Алматы қаласында. Алып шаһарда 300-ге жуық қуаттау бекеті бар.
Талант Тайнов, «Алматы паркинг» КМК директорының орынбасары:
Биылға 150 жоспарлап отырмыз, келесі жылға 350, сонымен Алматы қаласында 500-ге жуық коммуналдық автұрақтар жанынан электр станцияларын орналастыру жоспарланған. Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларын өзгертеміз оларға жеңілдіктер беру туралы сол заңға байланысты.
Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы қабылданған заң аяясында қуаттау бекеттерін көбейтсе, бұл көлік түріне деген сұраныстың еселеп артатынын айтып отыр.
Эдуард Эдоков, тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:
Биыл электромобильдерді сатып алудың өсімі жалғасады деп ойлаймын, бұған Еуразиялық одақ аясындағы жеңілдіктер де ықпал етіп отыр. Бұл көліктерге кедендік баж және көлік салығы төленбейді. Оған қоса баға соңғы 3-4 жылда кейбір модельдер үшін 2 есеге төмендеді.
Маманның сөзінше электр энергиясының арзан болуы мен салықтық жеңілдіктер де электрокарға деген қызығушылықты арттырып отыр. Бүгін Президент қол қойған Заң аясында электрмен жүретін көліктер үшін жалпыға ортақ жер телімдерін беру мәселелері бойынша өзгерістер енгізілмекші. Осылайша жаңа заң экологиялық таза көлікті танымал етіп, электромобильдер инфрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр.
Жазира Оразқызы