Елордада бүгін «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтіп 28 тонна қоқыс жиналды. Науқанға жастармен бірге ардагерлер мен партия мүшелері де ат салысты.«Астана-Бурабай» тас жолы маңын қоқыстан тазарту экошарасын тілшіміз көріп қайтты.
Астанада «Таза бейсенбі» акциясы жалғасын тапты. 100- ден астам ерікті жаңбыр жауып, қолайсыз ауа райы болса да «Астана-Бурабай» тас жолы маңын қоқыстан тазартты. Олар бірер сағатта 200 қап қоқыс жинап үлгерді.
Мұхаммед Болысбек, «AMANAT» партиясы астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
Атап өткендей бұл 7-ші апталық. Дәл осы аптада да өздеріңіз көргендей акцияның аясында 5 тоннаға жуық қоқысты жинап, оны қоқыс полигонына апарып, өткізіп, қоғамға дәріптеп жатырмыз.
Экологиялық акцияға 60-ты алқымдаған ардагерлер де белсенді қатысты. Еріктілер мәдениеттіліктің бастауы-тазалықта екенін алға тартып, халықты айналаны ластамауға шақырды. Сондай-ақ мұндай шараларды дәстүрге айналдыру керек деп санайды.
Юрий Дементьев, волонтер:
Бұл - тазалық науқаны өте керек шара. Акцияны дәстүрге айналдыруға болады. Қалай болса да өзіміз тұратын орта, қоғам. Айналамызды таза ұстау-біздің қолымызда. Тазалық мәдениеттің белгісі. Халық осыны түсінуі керек деп ойлаймын.
Қайрат Құсайынұлы, волонтер:
Таза болсақ, өзіміздің ішкі дүниеміз таза болса, барлығы жақсы болады.
«AMANAT» партиясы ұйытқы болған «Таза бейсенбі» экошарасы республиканың барлық өңірінде әр аптада өтіп келеді. Астаналықтар бүгін 28 тонна қоқысты жинап, сұрыптап, полигонға жөнелткен.
Динара Жарқынбек