Қордай ауданында қатты желден үйінді астында қалып, ауруханаға түскен науқастың жағдайы ауыр. 18 жастағы Беріктас ауылы тұрғынының екі аяғы сал болып қалған. Дәрігерлер компьютерлік томография арқылы омыртқасы мен денесінің бірнеше жері сынғанын анықтады. Аудандағы ақ халаттылар науқасты Тараздағы нейрохирургтерге де көрсеткен. Әзірге өзгеріс жоқ. Жағдайы тұрақталса ғана Тараздағы облыстық ауруханаға ауыстырылады.
Сара Сұраншиева, Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы:
Барлық көмекті көрсеттік. Науқастың жағдайы өте ауыр. Ашық ми жарақатын алған. Бас сүйегі жабық негізде сынған. Омыртқасы жарылып сынған. Жұлынның зақымдануынан екі аяғының төменгі бөліктері қимылсыз қалып отыр.
Ал тасқыннан бүлінген «Соғанды-Бетқайнар» автожолының көпірі уақытша жөнделді. Соғанды және Беріктас ауылдарында үзілген жарық желілері мен газ құбырын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Екі ауылда 30-ға жуық үй мен қора-қопсының шатыры ұшқан. Байланыс мұнарасы құлаған. Ал аудан атқамінерлері Бетқайнар ауылдық округіндегі 700-ге жуық ұсақ мал, 10 бас жылқының суға кеткенін жоққа шығарды.
Бақыт Сахатов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
Ағын су салдарынан алты бас ешкі, бір қой, бір бұзаудың өлексесі анықталды. Беріктас ауылында электр желілерін қосу және қалпына келтіру үшін алты бригада жұмыс атқаруда.
Данияр Әлімқұл