Ұлттық статистика бюросы жыл соңына дейін тоғыз мемлекеттік органның деректер базасы сапасына бағалау жүргізбек. Мемлекет басшысының қабылдауында болған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов осылай деді. Бұл әкімшілік дереккөздері үшін сапа стандарттары мен халықаралық әдістемені қолдануға көмегін тигізеді. Бұдан бөлек ол әлемдік және ұлттық экономикадағы қазіргі трендтер туралы мәлімет беріп, құрылымдық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Президент әлеуметтік-экономикалық реформаларды жан-жақты пысықтаудың маңызды екеніне тоқталып, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Жандос Шаймарданов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы:
Сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін агенттік статистикалық жұмыстардың үш жылдық жоспарына көшеді. Оның шеңберінде ақпараттың жаңа көздері айқындалады. Басталған реформалар статистикалық есептілікті 2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік беріп және деректердің сапасы мен ресми статистикаға деген сенімді арттырады.
Шерхан Жамбылұлы