Жамбылда 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын өндіретін зауыт іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын өндіретін зауыт іске қосылды

16.07.2024

Жамбылда жылына 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын өндіретін ірі кәсіпорын ашылды. Шу ауданындағы Шатыркөл кен байыту фабрикасының құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Өндіріс орнын «Қазақмыс» корпорациясы 94 млрд теңге инвестициялық қаржыға салды. Бүгін зауыт алғашқы өнімін шығарды.

«Қазақмыс» корпорациясы енді Жамбылда қазған кен көзін бұрынғыдай Балхашқа теміржолмен тасып әуре болмайды. Өйткені өңірде мыс концентратын өндіретін фабрика ашты. Енді Шатыркөл және Жайсан кен орнынан қазылған 1 млн 200 тонна кен осында өңделеді. Одан 100 мың тоннаға жуық мыс концентраты алынады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

400 метр тереңдіктен қазылған тастар түйіршікке айналып, ұнтақталған соң осы фабрикаға тасымалданады. Мұнда кен көзін су және реагентті заттармен араластыру арқылы тұндырады. Ары қарай саз балшыққа ұқсайтын мыстың суы сығылып, қоймалжың күйінде мына қанарларға қапталады.

Қапталған өнім – мыс концентраты. Ары қарай дайын шикізат Балхаштағы мыс балқыту зауытына жөнелтіледі. Онда концентрат құрамынан 24% мыс алынады.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Биылғы жылы біздің жоспарымыз бойынша 19 инвестициялық жоба 228 млрд теңгеге іске асырылады деп жоспарланып отыр. Сол 19-дың біреуі осы мыс концентратын өңдейтін үлкен зауыт.

Фабрика қазан айында толық қуатымен жұмыс істей бастайды, 350 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Олардың 60%-ы өңір тұрғындары.

Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:

Бұл - аймақ үшін ең ірі жоба. Енді осы фабрикадан шығарылған мыс концентратынан жылына 24 мың тонна мыс өндіріледі. Өнім көлемін кіріске балама ретінде қарасақ бұл жылына 200 млн АҚШ долларын құрайды. Яғни осынша табысқа шығып, ел экономикасын дамытуға үлкен үлес қосамыз.

Енді мыс зауыты кен қазудағы жылдық қуатын 1,5 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Айта кетейік аймақта алдағы 4 жылда құны 2,5 трлн теңге болатын 70-ке жуық ірі инвестициялық жоба іске аспақ.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу