Өз бетінше қазақ тілін үйреніп алған америкалық бойжеткен. Әлеуметтік желіде Айбала Құдайберген есімімен танымал Кэмерон Фаррдың қазақ тілін үйреніп жүргеніне бес жылдай болды. Алдағы уақытта АҚШ-тағы балаларға қазақ тілін үйретуге ниетті.
Тіл үйренуге бала күнінен құштар Айбала осы кезге дейін жиырмаға жуық тілді үйреніп алған. Оның ішінде қазақ тіліне ерекше мән береді. Жалпы, қазақ тіліне деген қызығушылығы Қазақстан туралы кітапты оқыған соң оянған. Ғаламтор арқылы қазақ мәдениетімен танысып, қазақша әндер тыңдауды да әдетке айналдырады.
Айбала Құдайбергенқызы, полиглот, блогер:
Мен онлайнмен қазақша үйрете аламын. Қазақ және америкалық балаларға қазақша үйреткім келеді. Мен қазір Америкада Атланта штатындамын, бірақ қазір біз Вашингтонда тұрамын. Иншалла, мен бір күні Қазақстанға барамын.
Полиглоттың шын аты – Кэмерон. Бірақ, Айбала деген есімді қатты ұнатқан. Әрі сүйікті әншілерінің бірі Димаш Құдайберген болған соң өзін Айбала Құдайбергенқызы деп таныстырып жүр. Отбасында ата-анасы да, бауыры да қазақша мүлдем білмейді.
Айбала Құдайбергенқызы, полиглот, блогер:
Олар қазақша сөйлемейді, олар ағылшынша, испанша сөйлейді Менің инстаграмда қазақ достарым бар, олар Қазақстанда тұрады. Мен қазір 20 тіл білемін. Мен жиырма тілде сөйлеймін. Бірақ қазақшам менің бірінші.
Айбала қазақтың қазыналы құндылықтарын, ұлттық мұраларын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін және қазақ табиғатын көзбен көруді армандайды. Жеткілікті қаржы жинаған кезде Қазақстанға арнайы саяхаттап келмек.
Айбала Құдайбергенқызы, полиглот, блогер:
Жаркент, Астана, Қызылорда, Шымкент, Түркістан, Сарыағаш, Ақтау, Ақтөбе бәріне барғым келеді. Бірақ Шымкент, Алматы, Астана үшеуі бірінші.
Жалғас Сәдібекұлы