Қытайдан бір тәулікте Қазақстанға 9 мыңға жуық турист кіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдан бір тәулікте Қазақстанға 9 мыңға жуық турист кіреді

15.07.2024

Ал біздің елімізден көрші мемлекетке күніне 4,5  мыңға жуық адам кіріп-шығады. Визасыз тәртіптің енгізілуі барыс-келістің артуына ықпал етіп отыр, - дейді мамандар. 

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы бақылау бекеті келер айдан бастап 24 сағат жұмыс істейді. Кез келген уақытта әрі-бері өтуге еш кедергі жоқ. Тек арнайы сату платформасы арқылы бір тәулік бұрын өтінім беріп, онлайн талон сатып алу керек. Бұл «Қорғас» шекарасындағы кешкі базарды дамытады, - дейді мамандар.
Ма Ли, «Қорғас» Хшыо сауда-саттық департаментінің басшысы /Қытай/:
Шілдеде «Қорғас» шекара маңы орталығында «Шыңжаң» банкі ашылды. Енді көрші мемлекеттен келгендер банк арқылы кез келген елге халықаралық аударым жасай алады. Сондай-ақ жақында «Қытай мәдени-орталығында» екі ел өнерпаздарына арналған іс-шара ұйымдастырмақпыз. Келер жылы осы аймақта балаларға арналған «Дисней» орталығы ашылады.
«Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының жалпы аумағы - 600 гектар. Оның 185 гектары Қазақстанға, 343 гектары Қытайға тиесілі. Бүгінде Қазақстан аумағына бірінші кезекте қонақ үйлер салыну жоспарланған. Содан соң қойма, ірілі-ұсақты зауыттар ашылады.
Серік Дайырбай, «Қорғас» Хшыо инвестиция және туризмді дамыту департаментінің бас маманы /Қазақстан/:
Инвесторлардың басым бөлігі өзіміздің елден. Және араларында Қытай азаматтарымен келісімшартқа отырып бірлесе атқарып жатырған жобалар бар. Бүкіл ҚР туристік объекттілерін Қытай халқы арасында танытуға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Өз тарапымыздан визит орталықтарымен тығыз байланыстамыз.
 «Қорғас» шекаралық бақылау бекетінің мәліметінше осы жылдың алғашқы үш айында қос елге қатынағандар саны 220 мың адамға жеткен. Бұл – былтырмен салыстырғанда 211 пайызға көп көрсеткіш. Осы ретте Қазақстандық саясаттанушы Фархад Қасенов Қытай төрағасының Қазақстанға сапары түрлі салалардағы ынтымақты тереңдете түсті, - дейді.
Фархад Қасенов, саясаттанушы:
Биылғы ШЫҰ саммитінің жаңа форматы – «ШЫҰ плюс» форматының енгізілуіне байланысты маңызы артты. Оған диалог бойынша әріптестер соның ішінде Түркия мен Әзірбайжан кірді. Бұл елдер Қытайдан Еуропаға маңызды көлік дәлізін құрудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Сондай-ақ келер айда екі ел туристік операторлар форумын өткізу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде трансшекаралық сауда мен туризмді дамытуға серпін береді, - дейді мамандар.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу