АҚШ президенттеріне қанша рет қастандық жасалған? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ президенттеріне қанша рет қастандық жасалған?

15.07.2024

АҚШ президенті Джо Байден Трампқа қарсы қастандық әрекетінен кейін Америка халқына үндеу жолдады. Ал жеңіл жараланған республикалық үміткер Висконсин штатына ұшып барды. Трамп партияластарының съезінде президенттікке ресми түрде кандидат болып таңдалуы мүмкін.

АҚШ президенті Джо Байден экс-президент Дональд Трампқа жасалған қастандық әрекетіне байланысты Америка халқына үндеу жолдады. Сол мәлімдемесінде Ақ үй басшысы отандастарын зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырды.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Бізге саясатта температураны төмендету қажет. Мұндай зорлық-зомбылықтың қалыпты жағдайға айналуына жол бермеуге тиіспіз. Елімізде саяси риторика қызып барады. Оны салқындататын кез жетті. Бұл – бәрімізге ортақ жауапкершілік.

Сонымен қатар Байден Трампқа тезірек сауығып кетуді тілеп, митинг кезінде отбасын қорғау үшін кеудесін оққа тосып, мерт болған өрт сөндірушіні «батыр» деп атады.

Байденнің сөзінше Американың арнайы қызметі Трампқа жасалған қастандық әрекетінің түпті мақсаты жөнінде ақырғы қорытындыға әлі келген жоқ.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Бүгін таңертең тергеу барысы туралы сөйлестім. Атқыштың мұндай әрекетке неліктен барғаны әлі белгісіз.

Айта кетсек митинг кезіндегі шабуылдан жараланған екі адам ауыр халде жатыр. Қастандық әрекетінен аман қалған Трамп болса, Висконсин штатының Милуоки қаласына ұшып барды. Осы апта соңында Дональд Трамп Республикалық партияның ұлттық конгрессінде президенттікке ресми түрде үміткер болып таңдалуы керек. Жиын қарсаңында Милуокиде қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтіліп жатыр.

Кайла Коди, жергілікті тұрғын:

Меніңше, мұнда бәрі жабылып қалған сияқты. Конгресс кезінде бір жерге бара аламыз ба, білмедім. Басқа өзгеріс жоқ.

Ал Қытайда жаралы Трамптың суреті салынған футболкалар дереу шығарыла бастады. Сұраныс жаман емес, жоғары болып тұр.

Тарихқа көз жіберсек, АҚШ -та XIX ғасырдың ортасынан бері төрт президент қастандықтан қаза тапты. Олар - Авраам Линкольн, Джеймс Гарфилд, Джон Кеннеди, Уильям Маккинли. Ал жараланып, тірі қалғандар қатарында Дональд Трамп, Рональд Рейган, Джеральд Форд және Теодор Рузвельт бар.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу