АҚШ-та күдікті Трампқа қарсы сегіз рет оқ атқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та күдікті Трампқа қарсы сегіз рет оқ атқан

15.07.2024

Жергілікті терроризм. АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы Трампқа қарсы жасалған қастандыққа байланысты осындай мәлімдеме жасады. Бірақ күдіктінің не себепті экс-президентті өлтірмек болғаны әзірге белгісіз.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Күдікті атышулы қылмысты жалғыз өзі жасаған. Ешқандай сыбайласы болмаған. Кешелі бері істі тергеп жатқан Федералды тергеу бюросының өкілдері осындай пайым жасап отыр. Қазірге дейін анықталғаны 20 жасар Томас Метью есімді Америка тұрғыны әкесінің жартылай автоматты қаруын алып, мінберде сөйлеп тұрған Трампты 140 метр жердегі сарайдың үстінен көздеп сегіз рет оқ атқан. Салдарынан экс-президенттің бір жақтасы қаза тапса, ауыр жарақат алған екі адам ауруханаға түсті. Ал оқ тек оң құлағының үстіңгі бөлігін жалап өткен Трамптың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Күдіктіні сол мезетте Қауіпсіздік қызметінің мергені атып өлтірген.

Джим Завойски, АҚШ азаматы:

Мен жағамды ұстадым. Америкаға не болып бара жатыр? Кандидатпен келіспеушілік болса оны дауыс беру кабинасында жасайсыз. Бұлайша шектен шығуға болмайды. Өйткені біздің қоғамға мұндайдың қажеті жоқ.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Тергеушілер әзірге күдіктінің не себепті Трампты өлтірмекке тырысқанын анықтай алмай жатыр. Оның ұялы телефонын, әлеуметтік желідегі парақшасын шолып шыққанымен ешқандай белгі таппаған. Бұған дейін одан псилогиялық ауытқушылық та байқалмапты. Десе Конгресс депутаттары Трампқа қастандық жасалуына Байденді кінәләп отыр.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Отандастарым, сіздерге саясаттағы талас тартысты азайту қажеттігі туралы айтқым келеді. Ия, көзқарасымыз әр кез бірдей болмауы мүмкін. Бірақ біз бір-бірімізге жау емеспіз. Біз көршіміз. Біз доспыз, әріптестеріміз, азаматпыз. Ең бастысы, біз американдықтармыз. Біз бір болуымыз керек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Трамп әзірге әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырғаны болмаса мәлімде жасаған жоқ. Ал АҚШ-та президентке немесе президенттіктен үміткерге қастандық 43 жылдан бері бірінші рет жасалып тұр. Соңғы рет 1981 жылы Роналд Рейганға оқ атылған еді. Жалпы АҚШ тарихында төрт президент кісі қолынан қаза тауып, алтауы жарақат алған. Ал құлағынан жараланып, өлім аузынан қалған Трамптың Конгрестегі жақтастары қауіпсіздік қызметін олқылық жасады деп айыптап, тергеуге кіріспек.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу