СҚО-да шомылу маусымы басталғалы 5 бала қайтыс болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да шомылу маусымы басталғалы 5 бала қайтыс болған

11.07.2024

Жаз шығып шомылу маусымы басталғалы елде 70 адам суға батып, көз жұмған. Ресми мәліметке сүйенсек қайғылы жағдайлардың 85% тыйым салынған орындарда болған. Биыл да суға кетті деген суық хабар азаймай тұр. Бір ғана СҚО-да шомылу маусымы басталғалы 5 бала мерт болған. Соның екеуі күні кеше Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы Есіл өзеніне батып кеткен. Төтеншеліктер қайғылы оқиғалар суға түсуге рұқсат етілмеген орында болған деп отыр. Биыл бірінші маусымнан бері елде 70 адам суға кеткен. Оның 30-ы бала. Былтырғы көрсеткіш бұдан да көп. 83 адам. Арасында 22 бала бар.
Ақылбек Ахметжанов, ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары:
Атқарылған кешенді шаралардың арқасында жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Атап айтқанда 2021 жылы 3 пайызға, 2022 жылы 42 пайызға, 2023 жылы 4 пайызға, биыл 15 пайызға төмендеді.
Құрғақ статистикаға сеніп, жағдай жақсарып келеді екен ғой деп көңіл жұбату жарамас. Тіпті соңғы 10 жылда су түбіне кеткен 2 мыңнан астам адамың қайғысынан сабақ алмай отырмыз. Баяғы сол қарапайым ережені ескермеу.
Ұлан Нұрғалиев, аға құтқарушы:
Жылда айтылып жатқан нәрсе ата-аналар суға шомылған кезде балаларын қараусыз қалдырған дұрыс емес. Екіншіден суға шомылуға болмайды деген жерлерге барып суға түскен дұрыс емес. Көп адам сондай жерлерден барып суға батып жатады.
ТЖМ елдегі шомылуға тыйым салынған 4598 орынға 5894 ескерту және тыйым салу белгілерін орнатқан. Ал өткен айда ғана Премьер-министр Олжас Бектенов жағажайларға бейнебақылау камераларын қоюды тапсырған. Техниканың көмегімен тірі қалатындардың саны артар деген үмітпен.
Серік Жұмабек, тілші:
Жыл сайын шомылу маусымы басталғанда ТЖ министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп алдын алу шараларын және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ соған қарамастан суға кеткендердің арасында «су ішері барлардың» қатары тым аз болып тұр. Шамасы «Қауіпсіздік мәдениетін» қалыптастырмайынша қайғылы жағдайлардың азаяр түрі жоқ.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу