Биыл 3 мыңға жуық алматылық мектеп оқушысы жазғы лагерьге жолдама алды. Балалардың демалысын ұйымдастыруға әкімдік бұл жолы 540 миллион теңге бөліпті. Қазір тегін сауықтыру орталықтарында әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардағы бүлдіршіндер мен ерекше балалар, сондай-ақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тынығып жүр.
Қала сыртындағы 9 гектар аумақты алып жатқан «Avat kids camp» лагерінде бүгінде 240 оқушы алаңсыз демалып жүр. Олардың қауіпсіздігі мен ас-ауқаты – қатаң бақылауда. Сауықтыру бағдарламасы аясында балалар түрлі ойындардан бөлек суға түсіп, атпен шауып, ашық аспан астындағы кинотеатрдан түрлі тарихи туындыларды тамашалайды. Бастысы олардың телефонға телміріп отыруына жол берілмейді, - дейді мамандар.
Раушан Саттарханқызы, «Avat kids camp» лагерінің директоры:
Бізде барлық категорияның балаларына демалуға мүмкіндік берілген, аз қамтылған отбасыларының да балалары келіп демалып жатыр. Осы сезонда «Жанұя» мен «Мейірім» орталығының балалары демалып жатыр. Балаларға өте ұнайды.
Бұдан бөлек тағы облыстағы үш лагерьде оқушылар жазғы демалысын ойдағыдай өткізуде. Жолдамадан бас тартқан ата-ана үйге қайтқысы келген оқушы әзірге болмапты. Қалалық әкімдік биыл 12 демалыс орталығының ішінен оқушыларға ең қолайлы деген 4 лагерьді арнайы мониторингтік топтың тексерісінен соң таңдап алдық,- дейді.
Әсем Нүсіпова, қала әкімінің орынбасары:
Өткен жылмен салыстырғанда жолдама құны жалпы білім беретін мектептердің балалары үшін 10 500 теңгеден 15 000 теңгеге дейін және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін 20 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл сапаның артып жатқанын білдіреді.
Сондай-ақ жаз басталғалы мектеп жанындағы спорттық және киіз үй лагерьлерінде 43 мыңнан астам бала тынығыпты. Ал Оқушылар сарайының «Өрнек» лагерінде 900 бала тамыз айына дейін демалады.
Әйгерім Ердәулет