Ақтөбеде ондаған шаруа кепілдегі мүліктерін қайтара алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде ондаған шаруа кепілдегі мүліктерін қайтара алмай жүр

10.07.2024

Ақтөбеде ондаған шаруа кепілге қойған мүліктерін кері қайтара алмай жүр. Айтуларынша кезінде мал өсіру үшін несиелік серіктестіктен миллиондап қаржы алған. Ол ақшаны уақытынан бұрын төлесе де, қаржы ұйымы кепілде тұрған қымбат көліктері мен баспаналарын қайтарып беруге асығар емес. Мәселе қашан және қалай шешілмек? Жақсыбек Кемал айтып берсін.

Жасұлан Әбутәліп Ақтөбе қаласына 550 шақырым жердегі Дияр ауылынан келген. Ол да 6 жыл бұрын мал басын көбейту үшін 4 миллион теңге несие алған. Қарызын жарты жыл бұрын толықтай төледі. Алайда құны 17 миллион теңге болатын көлігін кері қайтара алмай жүр.

Жасұлан Әбутәліп, қожалық иесі:

Кепілден босатсын. Біз ешқандай оларға төлемей жатқан жоқпыз, бір күні де кешіккен жоқ. Өздері де біліп отыр. Квитанциялары сақтаулы тұр.

Несиелік серіктестік 20 адамның мүлкін кері қайтармай отыр. Олардың көбі қарыздарын бірнеше ай бұрын толық төлеп бітірген. Қаржы ұйымының талабы бойынша кепілде тұрған мүлік несие алған 102 адамның барлығы толық берешегінен құтылғанда ғана кері қайтарылады.

Аян Сейтенов, қожалық иесі:

Сіздер бір-бірлеріңе жауаптысыңдар. Төлемеген адамдар бар, солар төлемей сіздерге берілмейді деді. Біз білмейміз ғой, оларға несие берерде бізді жинап, оларға несие берейік пе, жоқ па, олар төлемесе сіздер жауапты боласыздар деп бізден сұраған жоқ. Біздер оның атын-жөнін де білмейміз, түрін де көрген жоқпыз. Өздері жинады, өздері шешті. Енді бізді соларға байлап қойып отыр.

Бұл мәселеге қатысты несие серіктестігі басшысының да өз уәжі бар. Тұрғындардың мүлкі ұжымдық кепілдік ретінде Аграрлық несие корпорациясына тіркелген.

Орынбасар Ысқақов, несие серіктестігінің басшысы:

2002-де сондай заңды енгізді, біз емес істеп жатқан. Күнде резонанс болып, күнде айқай, күнде звоноктар түсіп жатыр. Бізді Антикорға да берді.

Несие серіктестігінің Аграрлық несие корпорациясына 200 миллон теңге шамасында берешегі бар. Ол қаржы толық өтелмей, кепілдегі мүлікті босату мүмкін болмай тұр.

Азамат Тұрсынбекұлы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры:

«КТ Алға» біздің алдымыздағы қарызын өтемеген бұл клиенттер бойынша. Енді біз кредитті «КТ Алғаға» бергеннен кейін кредитті таза алуымыз керек. Біздің мақсатымыз - енді сол «КТ Алғамен» тығыз жұмыс жасау.

Бүгінгі жиын барысында нақты шешім айтылмады. Кепілдегі мүліктерін қайтара алмай жүргендер енді несие серіктестігінің үстінен сотқа арыздана алады. Мәселеленің сот арқылы шешілуіне қаржы ұйымының басшылығы да қарсы емес.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу