Құмар ойын бизнесіне шектеулер енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құмар ойын бизнесіне шектеулер енгізілді

09.07.2024

Құмар ойындарды насихаттаған блогерлер мен қоғам белсенділері кемі 200 мың теңге айыппұл төлейді. Олардың әлеуметтік желідегі парақшасы бұғатталады. Тиісті заң 60 күннен кейін күшіне енеді. Лудоманияға қарсы заңда тағы қандай өзгерістер бар? 

Елімізде құмар ойындарға тәуелділердің саны 350 мыңнан асады. Оның әрқайсысы шамамен 10 млн теңгеге қарызданған. Ойын автоматтары мен онлайн-казиноларға құмартқандардың арасында мектеп оқушылары да бар. Жарты жыл бұрын ғана Астанада ашылған орталықтың өзіне осы проблемамен 200-ден астам ата-ана жүгінген.

Гүлмира Капанова, «Психологиялық қолдау орталығы» КММ басшысының міндетін атқарушы:

Көп жағдайда ата-ана баласының лудоманияға шалдыққанын мойындағысы келмейді немесе жасырады. Бірақ ол дұрыс емес. Керісінше балаға жан-жақты психологиялық көмек, қолдау қажет. Себебі арты өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталған жағдайлар аз емес. Ата-ана әсіресе қатты тұйықталып, тез ашуланшақ, көп өтірік айтатын балаларға мұқият болуы керек. Және мұндай балалар тек телефонда отырады. Біз сондай жағдайды байқасақ, баланы бірден кәсіби психиатрларға жолдаймыз.

Енді ойын бизнесіне бірқатар шектеу қойылады. Қазақстандықтар бәс тігуден өз еркімен бас тарта алады. Ал оны шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға ұзарды. Яғни өз-өзіне шектеу қойған адамның 10 жыл бойы ойын бизнесіне салған ақшасы қабылданбайды. Соңғы 3 айда 150 мың адамнан осындай өтініш түскен. Сонымен бірге 3,5 млн адам үшін букмекерлік кеңселер мен казинолардың есігі жабық.

Рауан Қалиев, сарапшы:

Ол – борышкерлер. Ол бізде ресми түрде алимент жағынан қарыздары бар. Немесе қандай да бір азаматтық істері бойынша қарыздары, жабылмаған несиелері бар. Аты-жөндері құмар ойындарын ұйымдастырушыларға жіберілетін болады. Ол жерде басқа біреудің атынан кіру, басқа біреудің аккаунтын қолдану деген мүмкіншіліктер толықтай алынып тасталды. Себебі биометриялық растау болады.

Мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым басшыларына да бәс тігуге тыйым салынды. Шектеуге 280 мың адам іліккен. Талапты бұзса, ешқандай ескертусіз жұмыстан шығарылады. Ал әлеуметтік нысандарда және оларға жақын аймақтарда лотерея кеңселерін орналастыруға және билеттерін сатуға болмайды. Онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 7,5 млн теңге айыппұл төлеп, немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен басқа да ойын бизнесін жарнамалауға ішінара тыйым салынады.

Әділет Тұрғанбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:

Жалпы шектей отырып, осы спорт саласына БАҚ өздерінің артықшылықтарын қалдырып отырмыз. Себебі букмекерлік кеңселер демеушілер болып табылады. Яғни тікелей эфирді көрсеткен кезде біздің арналарымыз, ірі халықаралық додаларды букмекерлік кеңселердің жарнамасын қоюға мүмкін беріледі.

Балалар арасында энергетикалық сусындарға тәуелділер көп. Бұл да құмарлықтың бір түрі. Енді оған да заңмен шектеу қойылады. Яғни 21 жасқа толмағандар үшін бұдан былай энергетикалық сусын сатылмайды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу