Ақтөбе облысында су тасқынының зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында су тасқынының зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр

05.07.2024

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынының зардабын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ырғыз ауданының Нұра ауылына жаңа акушерлік-фельдшерлік пункт салынады.

Бұл елді мекенді түгелдей су шайып кеткен еді. 75 үй жаңадан салынып жатыр. Бұған дейін 60 орындық білім ордасының да қазығы қағылды. Мердігер құрылысты жыл соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Бағытталған қаржы көлемі 505 млн теңгеден асады. Көгілдір отын, ауыз су мен электр қуатымен жабдықтау мәселелері де толық шешімін тапқан.

Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданының әкімі:

«Көктемгі су тасқынына байланысты Нұра селолық окургіндегі үйлер мен әлеуметтік нысандарды толығымен су басып кетті.Соған байланысты Сарыоба деген жерде фельдшерлік пункт саламыз. Оның құны 327 миллион. Қазір мердігер анықталды».

Темір ауданында да тасқын зардабы жойылып жатыр. Көктемде 250-ден астам тұрғыны бар Қопа елдімекеніне қатынас үзілген еді. Өйткені, ауыл жанындағы көпірді су шайып кетті. Дегенмен, гидротехникалық құрылғы қалпына келтіріле бастады. Қазір мұнда 20-дан астам техника жұмыс істеп жатыр. Нысан қыркүйек айында тапсырылуы тиіс.

Асхат Кереев, Қопа ауылының тұрғыны:

«2024 жылы наурыз айының аяғында ауылымызға су қатты келіп, біраз үрей салды. Судың бетін қайтардық. Енді міне қайтадан жаңа үлкен дамба салынып, Үкіметтен, облыс, аудан тарапынан қолдауға ие болып жатыр. Осының бәрі халықтың игілігіне пайдаланып, жақсы жұмыс жасалады деп ойлаймыз».


Хабарламаларға жазылу