ШЫҰ бас хатшысы: Ұйымға төрағалық кезеңі мазмұнды өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ бас хатшысы: Ұйымға төрағалық кезеңі мазмұнды өтті

04.07.2024

Қазақстанның Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық кезеңі мазмұнды өтті. Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Ұйымның бас хатшысы Чжан Мин осылай деді. Ол мәлімдемесінде Қазақстан Ұйымның қызметіне жаңа серпін беріп, маңызды кезеңді өткергенін атап өтті. Әрі ұйымның үшінші он жылдығы достық, сенім, өзара татулыққа негізделгенін айтты. Енді Ұйымға төрағалық ету құрметі Қытай Халық Республикасына өтеді. Елдің Циндао қаласы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының туристік және мәдени астанасы статусын иеленді. Аспан асты елі осымен ұйымға бесінші рет төрағалық етеді. Бас хатшы бүгінгі саммиттің нәтижелі, конструктивті өткеніне тоқталды. Мемлекет басшылары қол қойған 25 құжатта сауда, экономикалық, инвестициялық, мәдени гуманитарлық экологиялық мәселелерге ерекше назар аударылды.

Чжан Мин, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы:

 2023 жылдың шілде айынан ұйымға Қазақстан төрағалық етті. Мемлекет тарапынан 140-тан астам әртүрлі салалар бойынша шара өтті. Серіктестер осы аралықта экономикалық, инвестициялық экологиялық мәдени-гуманитарлық мәселелерге назар аударды. Қазақстан төрағалығы мазмұнды болды деп нық сеніммен айта аламыз. Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының бүгінгі саммиті нәтижелі, маңызды сындарлы шараларды қамтыды. Тарихты қалатын елеулі саммит. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлына ризашылығымызды білдіреміз.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу